Жарияланды: 1400

Отандық және шетелдік сарапшылар Қазақстандағы жетімдер проблемасының шешілу барысына алаңдаушылық білдіреді

Бүгін, 15-қазанда Алматыда дөңгелек үстел өткізіліп, онда Отандық және шетелдік сарапшылар Қазақстандағы жетімдер проблемасын шешу жолдарын талқыға салды. "Еуразия" халықаралық қоры "Жетім балаларды қоғамнан отбасына жақындату жолдары : қазіргі ахуал, салыстырма талдау және нұсқаулар" деген тақырыпта зерттеулер жүргізуді межелеп отыр. Бұл туралы KZ-today тілшісіне "Еуразия" халықаралық қорының Қазақстандағы аймақтың кеңсесінің төрайымы Аида

Досаева хабарлады. А.Досаеваның айтуынша, "зерттеулер жүргізу барысында қор өкілдері республикада бала асырап алуға қатысты нақты саясаттың жоқтығы, сондай-ақ, жетім балаларды асырап алушы отбасылардың шығын мөлшері де мүлдем есептелмегендігі тәрізді тауқыметтерге тап болған". 2003-жылдың жаз маусымында "Аманат" қоры жетім балаларды орналастыру жобасын жүзеге асырды. Соған сәйкес 100-ге жуық жетім бала үш ай бойы өз туыстарының немесе оларды асырап алуға ниетті адамдардың отбасында тұрған. "Аманат" қоры өкілдерінің пікірінше, осындай жобаларды мемлекеттік құрылымдарды жұмылдыра отырып республикалық деңгейде жүзеге асырған жөн. Алайда, бүгінгі шараға ҚР білім және ғылым министрлігінен өкілдер қатысқан жоқ. "Еуразия" халықаралық қорының Қазақстандағы аймақтың кеңсесінің төрайымы Аида Досаеваның пікірінше, "жетімдерді қоғамға бейімдеу мүмкіндіктері мен оларды асырап алудың тың жолдарын дәл осындай мемлекеттік органдар іздеуге тиіс екеніне қарамастан, олар осы тектес бағдарламаларға аса көңіл бөлмейді". ҚР президентінің жанындағы отбасы және әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссия өкілінің айтуынша, елімізде қазір жетімдер үйінде 73 мың бала тұрады. Соңғы жылдарда шетелдіктер 3 мың қазақстандық жетімді асырап алса, еліміз азаматтары 10 мың бала асырып алған. Дөңгелек үстелге қатысушылар бала асырап алушы отбасыларды қолдауға бағытталған арнайы бағдарлама қабылдау қажет деген тұжырымға келді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін