Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлідеген еді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев депутаттыққа дейін блогерлікпен белсенді айналысып, түрлі курстар сатумен айналысқан еді. Мәжілісмен сатқан сабақтардың ішінде «Декретке миллионмен» курсы ерекше сұранысқа ие болғанын көпшілік жақсы біледі. Алайда табысын өтірік көрсетіп, көбірек декреттік төлем алғысы келген әйелдер туралы ақпарат тарағаннан бастап желіде депуттың блогер кезінде сатқан курстарына қатысты алып-қашпа әңгімелер көбейді.
Massaget TV-ға сұхбат берген депутат курстарында тек табысты заңдастыру арқылы декреттік төлем алу жолдарын үйреткенін айтады.
«Мені сотқа беріп жатқан, болмаса маған тікелей шығып жатқан адамдар жоқ. Осы даудың төңірігінде кезінде Дәулет те бар еді ғой деген сияқты, үлкен, қазақ тілді аудиториям болғаннан кейін мен ғана үйретті деген пікір қалыптасып қалған шығар. Менің де алдымда «декретке миллионмен» деген тақырыпта көп адамдар курс өткізіп жүрді. Сабағыма қатысқан адамдарға «өтірік ИП ашпаңдар, ертең жауап бересіңдер» деп айтқанмын. Тіпті, дінмен де байланыстырып, «ертеңгі күні Құдайдың да алдында, заңның да алдында жауап бересіңдер, өтірік ИП ашсаңдар өтіп кеткен күндерді де тексере алады» деп бәрін айтқан болатынмын. Бұл жерде мәселе адам бар нәрсе қалай пайдалана алатынында. Кезінде пышақты ойлап тапқан адам өлтірем деп ойлап тапқан жоқ қой. Оны қажеттіліктер үшін ойлап тапты. Ал, кейбір адамдар сол пышақпен адам өлтіріп, қылмыс жасап жүр. Тура сол сияқты мына жерде де бар нәрсені алып, керісінше заңды айналғысы келіп жүр. 30-40 ИП-да жұмыс істеймін дейтін кейбір адамдар бар. Қазақстанның әр аймағындағы 30-40 ИП-ға тіркеліп алған. Министрлік айлықты қалай алып отырсың десе, қолма-қол алып отырмын дейді. Қазақстанның әр аймағынан қолма-қол қалай алып жүреді? Жарайды, дәлелде десе, оны да дәлелдей алмай отыр. Мен сабақта айтқандай үйінде торт пісіріп, тоқыма тоқып, тігінмен айналысып, табыс тауып отырған әйелдер кәсібін заңдастырып, соның деңгейінде декретке миллионға шыға алады. Тіпті 180-200 мың теңге табыс тапқандардың өзі декретке сол миллионның айналасында шығады. Бұның барлығы ашық дереккөзде, еговта бүкіл формуласы көрсетілген. Ал менің сабақтарымда соны тереңнен түсіндіру. Заңды бүйт, сүйт деген нәрсе емес. Үйдің кезегіне де адамдар заңды түрде тұрады. Бірақ біреуге бірнәрсе беріп, кезегін жылжытыпты деген жаңалықтарды естіп жатамыз. Заңды айналып өтетін адамдар кез келген жерде болады», — дейді ол.
Депутат декретке миллионмен шығаратындардың арасында делдалдық қызмет көрсететіндердің барында жасырмады.
«Декретке миллионмен шығуды үйреткен жалғыз Дәулет емес. Инстаграмның өзіне декрет деп терсеңіз декретке миллионмен шығаратын қаншама адам шығады. Бірақ, олардың не үйретіп жатқанын мен білмеймін. Өтірік құжат жасап береміз, ертең декреттің ақшасы түскенде маған жарты ақшасын бересің деген делдалдық қызметтер көрсететін азаматтардың барын естігем. Маған да жазатын, жоқ, менікі тек оқыту, үйрету деп жауап беретінмін. Қазақстанда жылына 380 мыңдай бала дүниеге келіп жатыр. Соның барлығы декретке шығып жатыр ғой. 380 мыңның ішіндегі 117-ақ адам істі болып жатыр. Процентке шаққан кезде 0.001% болады. Соған бола менің еңбегімді, мені үйретті деп қаралау дұрыс емес», — дейді ол.