Мақтаулы «Болашақ» бағдарламасының түлегі, 28 жастағы жігіттің алғашқы процессте қобалжып тұрғаны сезілген жоқ. Қайта сотта сенімді сөйлеп өзіне шаң жуытпады. Былтыр желтоқсанда шенеунік қымбат шетелдік көлігінде отырып жергілікті кәсіпкерден 720 мың теңге пара алып жатқан жерінде қолына кісен салынған еді. Сол бойда кінәсін да мойындаған. Алайда бүгін басқаша сөйлеп шықты. Сөйтсе, алғаны пара емес, қосымша жұмыс істеп тапқан ақшасы екен. Яғни, елімізде мал шаруашылығын дамытуға бюджеттің миллиондары бөлінген арнайы бағдарламаны әзірлеу үшін тендерді ұтып алған жеке компанияға қолұшын берген. Сөйтіп жұмыстан тыс уақытта табыс тапқан көрінеді. Қылмыстық кодекстің 4 бірдей бабы бойынша айыпталып отырған атқамінердің адвокаты да Бақтыбаевтың арам ойы болмағанына сенімді. Сондықтан оны қылмыстық емес, әкімшілік жазаға тартуды сұрады.
Сергей Деев, М. Бақтыбаевтың адвокаты:
-Қосымша жұмысы үшін алған ақшасы. Бюджет қаржысын қымқырған жоқ. Әрине, мемлекеттік қызметте жүріп ондай іспен айналысуға болмайды. Мұны өзі де мойындап отыр. Бірақ мұнда қылмыстың ізі де жоқ. Әкімшілік жазаға тартумен шектелуге болар еді.