-Жұма күні паралимпиаданың ашылу салтанатын Фишт стадионында дүрілдетіп өткізген Сочиде қазір қым-қуыт тірлік, қаптаған қараша. Олимпиада қалашығындағы билет сататын кассалардың алды дәл осындай адам нөпірден бір босаған емес. Кезек күн батқанша тарқамайды.
Ал қазір басты сайыстар Лаура шаңғы биатлон кешенінде өтіп жатыр. 45 елдің спортшылары 8-ші наурыздан бері кімнің бағы кімнің бабы шабатынын жарыс жолында анықтауда. Біздің құрамадан алғаш боп сайысқа Қайрат Қанафин түсті. 39 жастағы спортшы шаңғысын баппен майлап сөреден соңғы боп кетті. Көзінің көруі өте нашар паралимпиадашымыз арнайы жетектеп отыратын маманның соңынан ерді.
Сочиге отандастарымызды қолдауға ат арылтып келген көрермен жеті жарым шақырымға созылған биатлон сайысын аяқтарынан тік тұрып көрді. Қайрат көз ұшында көрінген сәтте қолдарынан келгенше қолдауға тырысып бақты.
-Қазақстан, Қазақстан!!!
Бірақ Сочидің алғашқы күні қазақ қоржынын алқамен жарылқамады. Сөреден соңғы боп кетіп мәреге биатлоншымыздың соңғы боп жеткені абырой емес. Дегенмен Қайраттың бапкерлері бұл жақсы жетістік деп салды. Өйткені жарты жыл дайындалған Қанафинге биатлонның мылтығы жуырда ғана сатылып алынған. Сондықтан сабыр қылсақ алдағы сайыстарда талайды шаң қаптырмақ біздің Қайрат.
Василий Коломиец, жаттықтырушы:
-Жарыс әрине Қайрат үшін қиын болды. Финляндияда биатлон жарысында он нысананың ешбіріне атқан оғы тимеген еді. Осы жолы төртеуіне тигізді. Бұл алға ілгерушілік деп есептеймін. Қайраттың бүгінгі көрсеткішіне көңіліміз толады.
Сочидің сайысына сақадай сай келген өзге спортшыларымыз қазір алқа тағынсақ деп алақандарын ысқылап отыр. Бес жүйрігіміздің ішіндегі ең жасы 24-тегі Жаңыл Балтабаева Лаура спорт кешеніндегі шаңғы жолын байқап көрген. Көңілден шыққанын айтады.
Жаңыл Балтабаева, шаңғышы:
-Маған өте қиындығы жоқ. Ең бастысы құлап қалмаудың амалы. Құлағанда көп уақытты жоғалтасың, пока тұрып жылдамдықты алғанша ең жаманы сол негізі. Дайындық деген жақсы трасса жақсы. Алматыға қарағанда мына жақтың трассасы жеңіл екен. Тренировканың бәрін жасадық Құдай бұйыртса стартқа шығамыз.
Қазақстан құрамасының сапынан бүгін екінші боп жарыс жолына Александр Колядин шықты. Жиырма шақырымда шаңғымен жүйкіген 20 спортшының ішінен отандасымыз тек 13-ші боп мәреге жетті.
-Осылайша Сочидің сайысына түскен екі спортшымызда әзірге жеңіс тұғырының ауылынан тым алысқа орналасты. Қазір қарқын алған ХІ паралимпиада ойындары бір сәтке де толастар емес. Ал біздің спортшылар ертең демалады. Келесі сайыстар біздің сайыпқырандар үшін сәрсенбі күні таңнан басталмақ.