Павлодар облысында көпбалалы ана адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+14 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодар  облысында көпбалалы ана  адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр

Павлодар облысында көпбалалы ана адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр

Павлодар облысында көп балалы әрі жалғыз басты төрт әйел бала-шағасымен апатты жағдайдағы үйде тұруға мәжбүр. Баянауылдағы іші-сырты адам көргісіз жағдайға түскен ғимарат осыдан жарты ғасыр бұрын салынған екен. Қазір сегіз отбасыға арналған пәтердің жартысы қаңырап бос қалған. Атқамінерлер мұнда қалған жағдайы мүшкіл жандарды жаңа баспанаға көшіріп, ескі нысанды сүреміз, - деп сөз берген. Алайда, кейін ақша жоқ деп уәделерінен айнып қалыпты.

  • 18 Шiлде 2015
  • 374
Фото - Caravan.kz

Қабырғалары қопсып, шатыры құлаудың алдында тұрған мына үйде көп балалы әрі жалғыз басты 4 әйел тұрады. Айтуларынша, жергілікті билік жаңа баспана береміз деп он жылдан бері сендіріп келеді. Атқамінерлердің құрғақ уәдесіне тойған қорғансыз жандар биылғы қыста далада қаламыз ба деп алаңдауда.

Гүлден Омарбекова 15 жылдан бері мына пәтерде тұрады. Үш балалы әйелді күйеуі тастап кеткен. Жаз шыққалы жауын әбден мазаларын қашырды. Тапқан-таянғанын үйінің сұрқын кіргізуге жұмсайды. 

-Жаңбыр жауады, жаңбырдан кейін осы міне. Бейнет бізге, үлгермей жатырмыз. Бәрі қопсып түсіп жатыр.

Ішкі қабырғаларды тұрғындар өздері жөндеп алса, үйдің сыртқы кейпі адам көргісіз. Подъездің есіктері әбден тозып, босағалары жарылып құлағалы тұр. Жарты ғасыр бұрын салынған бұл үйде бұған дейін 8 отбасы тұрған. Жағдайы келгендері аудан орталығына көшіп кеткен.Ал иесіз бос қалған төменгі қабаттағы пәтерлерге мал кірсе, жоғарғы жақта маскүнемдер жын-ойнақ құрады екен.

Гүлден Омарбекова, Баянауыл ауылының тұрғыны:

-Жаз шықса міне тарақан, мал кіреді, өйткені астында ешкім тұрмайды. Үйде болмасақ есіктің маңайын бәрін былғап кетеді.Жастар келеді ішеді, тышады. Қыста тұруға болмайды мүлде. Етік, күртеше, шапка киеміз бала ауырып калмасын деп.

Жағдайы мүшкіл бұл жандардың жайынан аудандағы әр шенеунік хабардар. Баянауылға келген-кеткен әкімнің барлығы уәдені де үйіп-төгіп келеді. Бірақ бүгінге дейін бірде-біреуі саусақ ұшын қимылдатқан емес. Бұл жолы да ауыл басшысы әдеттегідей сайрады.


Жанар Төлеубекова, Баянауыл ауылдық аймағы әкімінің міндетін атқарушысы:

-Бұл үй былтыр апаттық деп танылған. Қазірде бұл мәселені шешуді қарастырып жатырмыз. Тұрғындарға уақытша үй берілуі мүмкін.

Көп балалы аналарға уақытша пана береміз деп осылай ақталған әкім нақты мерзімді айта алмады. Өйткені, кезекке тұруы тиіс жалғыз басты әйелдердің о бастан құжаттары толық емес екен. Десе де, мұндай жағдайда бала-шағаны қалдырмаймыз деп кезекті рет сендірді шенеуніктер.