-Жақында ғана жүні қырқылып, жайылымда жүрген мал ауа райының құбылуына шыдамай далада қырылып қалған.Бір ғана Пограничник ауылында жүзге жуық қой арам қатқан. Кейбір тұрғындар соңғы тұяқтарынан айырылып, қоралары бос қалды.
Владимир Грибенюк малмен 25 жылдан бері айналысады. Бүгінде қожалығында төрт түліктің барлық түр бар. Жуырда ғана жүні қырқылған қой-ешкісі дауыл мен жаңбырға шыдамай, көз алдында құлаған.
Владимир Грибенюк, шаруа:
– Жайылымға жеткенде қойлардың суыққа шыдамай жатқанын көрдім. Ауа-райының қолайсыздығынан бақташы да малға ие бола алмаған. Қосымша адам шақыртып, қойларды құтқаруға тырыстық. Алайда, үлгермедік.
Ұйытқып соққан жел мен жаңбыр Екібастұз, Лебяжі аудандарының да тұрғындарын есеңгіретіп тастады. Қырылған малдың саны мұнда да күн сайын өсуде.
Рашид Нұрбеков, Павлодар облысы ветеринариялық бақылау және қадағалау басқармасының бас маманы:
-Малдың саны алынып, зертханаға жіберіліп жатыр. 5-6 күнде зертханадан жауап келіп, малдың неден өленін айта аламыз.Негізі індеттен болса бүкіл мал қырылуы керек. Өйткені, қозы,лақтары бар, бірінші кетер еді. Індет жоқ.
Жұт кесірінен екі мыңға жуық малынан айырылған ел шығын көлемін есептеуде. Ал өтемақы төлеу мәселесі туралы жергілікті билік әзірге жұмған ауыздарын ашпай отыр.