Жарияланды: 650

Павлодар облысындағы Баянауыл табиғи саябағындағы өрт одан әрі жалғасуда

Павлодар облысы Баянауыл табиғи саябағы аумағындағы Жасыбай көлі маңында бірнеше күнге созылған өрт бүгінде 2600 гектарды шарпып үлгерді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Сондай-ақ, Торайғыр көліне таяу жерде тағы бір үлкен өрт ошағы пайда болды. Бұл өңірде жалпы алғанда 10 мың гектар аумақ өрт құшағына оранса, оның 4500 гектарын орманды алқап алып жатыр. Демалыс күндері өртті сөндіруге қосымша күштер шақырылды. Негізгі өрт ошақтарының арақашықтығы 30 шақырымды құрап отыр. Павлодар облыстық өртке қарсы күрес қызметінің бастығы Владимир Капустиннің хабарлауынша, қазір төтенше жағдай болған жерде 309 адам, 52 техника жұмыс істеуде. Тілсіз жауды ауыздықтауға жергілікті тұрғындар да жұмылдырылды. Сенбіден бері Баянауылда Өскеменнен келген су сыйымдылығы2 тоннаны құрайтын МИ-8 тікұшағы өрт сөндіруге атсалысуда. Өртті одан әрі таратпауға күшті жел мұрсат бермей отыр. Бейресми мәліметтерге қарағанда, бүгін облыс басшылығы өрт тауқыметіне байланысты Республика үкіметіне өтініш жолдаған көрінеді. Қазір демалыс аймағына туристерді кіргізуге тыйым салынған, алайда бұл жерде бүгінге дейін 2 мың демалушы, соның ішінде 120 бала қалып отыр. Өрт сөндірушілер өрт ошағы туристік базадан басқа бағытқа алысқа бет бұрғандықтан адамдар өміріне қауіп жоқ деп сендіруде. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Жасыбай көлі маңындағы өрт 4-шілдеде жергілікті уақытпен 10 сағат 32 минутта шыққан болатын. Осыған байланысты 5-шілдеде Баянауыл Ұлттық табиғи саябағында төтенше жағдай жарияланды. Алдын-ала болжам бойынша, өрт экологиялық клубқа мүше балалар тауда болып қайтқаннан кейін басталған. Облыстық өртке қарсы күрес қызметінің мәліметіне сәйкес, өртке шалдыққан алқашқы аумақ 1200 гектарды құрады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть