Қыз-келіншектерді жұмыспен қамтып отырған өндіріс әзірге тапсырыспен жұмыс істейді. Жергілікті нарықтың сұранысын терең зерттеген тігіншілер төсек-жаймаларды өзімізде тігу керек деген шешім қабылдапты. Бірінші болып балалардың көрпе-жастықтары тігілді. Нәтижесі жаман емес. Сапасы жоғары бұйымдардың бағасы арзанға түсіп отыр. Шетелдік баламалы өнімнен артық болмаса, кем түспейді.
«Өте жылы, жеңіл. Біз холлофайберді қолданамыз. Ресейдің, Шудың шыт маталары түсін жоймайды. Балалар мен ересектерге арналған жастықтарды да өзіміз тігеміз»,- дейді тігін цехының шебері Любовь Назарова
30 адамды жұмыспен қамтып отырған тігін фабрикасында жас нәрестелердің киімдеріне қызығушылық зор. Бүгінде олардың шамамен 60 түрі тігіледі. Келешекте Павлодардың тігіншілері жасөспірімдерге арналған киім түрлеріне көшпек. Әзірге жаңа үлгілерін жасаумен айналысуда. Медицина қызметкерлеріне арналған киім түрлерін тігетін тігін цехы жұмысын бір жыл бұрын бастады. Қазір мұнда алжапқыштар, ерлер мен әйелдерге арналған халаттардың 20-ға жуық түрі тігіледі. Биылғы маусымда жасөспірімдерге арналған желбегейлер тігіле бастапты. Енді аз күнде Павлодарда «Лейла» сауда белгісінің киімдері сатылымға шығады. Қазақстанда жасалған жас нәрестелер киімі ең мықты деген шетелдік фирмалардың өнімінен қалыспайды. Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға батыл қадам жасаған мекеменің келешект жеке дүкендер желісін ашуды да көздеп отыр, деп хабарлайды 24.kz.