-Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне арналған бұл стационар қаланың орталығында орналасқан. Сондықтан қариялар үшін мұнда келіп жету де ыңғайлы. Ал жылына 800 адамға медициналық қызмет көрсететін бұл бөлімде бүгінде отызға жуық маман жұмыс істейді.
Бәтима Аманжолова осы стационарда жиі қаралады. Бұл мекеме 84 жастағы тыл ардагерінің көңілінен шығады. Жайдары мейірбикелер ем-дом жасап, бес мезгіл тамағы да беріледі.
Бәтима Аманжолова, тыл ардагері:
-10 жыл болды осы араға тіркеуге тұрғаныма. Келеміз анализ бәрін осында тапсырамыз. Автобус бәрі осы араға келеді. Айтпайды не үшін көшіріп жатқанын. Біреулер сатып алып жатыр дейді. Білмеймін. Қазір сатып алатын заман. Ал бізге осы ара жақсы.
Ал Бекболат Хазыров небәрі 17 жасында майданға аттанған соғыс ардардері. Жасы тоқсанға таяған қарияның жүріп-тұруы қиындағанымен, өзі тың. Стационардың өзге аумаққа ауыстырылатынан естіген ол бұл мәселенің осыдан бірнеше жыл бұрын да көтерілгенін айтады. Тек ол кезде жанында болып, қарсы шыққан замандастарының қазірде қатары сиреген.
Бекболат Хазыров, соғыс ардагері:
-Осыдан бірнеше жыл бұрын бұлар стационарды тағы көшірмекші болуға әрекеттенді. Бірақ, ол кезде біз шу шығарып, бөлімшені осы жерде сақтап қалдық. Енді тағы солай етпекші. Бізді қаланың шетіне шығарып, бұл жерде ақылы бөлім ашпақшы. Үйренген, жылы да жайлы орнымыздан айырмақшы.
Бұл жаңалық мұндағы ақ халаттылар үшін де жағымсыз болды. Өйткені, бірнеше адам жұмыссыз қалуы да мүмкін. Дегенмен, ақпан айынан бастап аталмыш бөлім көшірілмек.
Алмагүл Ахметжанова, Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
-Бұның себебі, біріншіден біздің ардагерлерге көмек көрсету аясын арттыру. Бұл аурухана терапевтік қана профиль емес, басқа да мамандандырылған бөлімшелері бар. Лор, офтальмология, кардиология және ең маңызды бөлімше реанимациялық бөлімі бар. Енді жан-жақтан мамандандырылған көмек көрсетіледі деген сенімдеміз.
Шенеуніктер бұл мәселені облыстық ардагерлер ұйымымен бірлесе шешкендерін айтып ақталуда. Атқамінерлер сондай-ақ қарттарды онда жеткізу мәселесін де шешеміз деп уәде етуде.