Жарияланды: 420

Павлодарда туыстары пәтерге қамап тастаған зейнеткер кейуана бір айдай аш жатқан

Павлодардағы Қызыл жарты ай қоғамының ауруханасына 77 жастағы Мария Драч есімді кейуана жатқызылды. Туыстары пәтерге қамап тастаған зейнеткер бір айдай аштық азабын тартқан,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Аурухана дәрігерлерінің анықтағанындай, М.Драч алаяқтардың алдауына түсіп қалса керек. Кейуананың 2 бөлмелі жеке пәтері болған. Алайда, қаңтар айында пәтер ақысы бойынша берешектері көп деген желеумен ол жатақханаға көшіріліпті. Әжемнің бағым-күтімін өз мойныма аламын деп білек сыбанып шыққан немересі оның 10 мың теңге шамасындағы зейнетақысын алып отырған. Ақпан айында әлгі жігіт қарт ананы бір бөлмеге қамап, есікті шифоньермен жауып тастаған. Кейуананың ұзақ уақыт бойы көрінбей кетуінен секемденген көршілері дәрігерлерлі шақырыпты. Аурухана директоры Раиса Ботабаеваның айтуынша, әйел әл үстінде ауруханаға жеткізілген. Келген кезде оның ағзасы әбден азып, қатып-семе бастаған көрінеді. Қайырымдылық мақсаттағы емдеу мекемесінің әкімшілігі Павлодар облыстық ІІБ-ның басшылығына хат жолдап, аталмыш дерек бойынша тексеру жүргізуді, әйелдің баспанасын өзіне қайтаруға ықпал етуді сұрады. Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, пәтер алаяқтарының алдауына ұшыраған қариялар ауруханаға көптеп түседі. Қазіргі жағдаймен, ауруханада 38 қария жатыр. "Олардың басым көпшілігінің балалары бар",- дейді дәрігерлер.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін