Кірген үйден «құр қайтпаған» кәсіби алаяқтардың аттаған соңғы табалдырығы осы – уақытша ұстау абақтысы. 29 бен 38 жастағы қос күдікті бір ғана Павлодарда 10 отбасын зар еңіретіп кеткен. Ақыры қара магияның сиқыры өздерін сан соқтырды.
— Айтыңызшы, не үшін ұсталдыңыздар?
— Алаяқтық үшін.
— Қалай әрекет еттіңіздер?
— Жауап беруден бас тартамын.
— Кінәңізді мойындайсыз ба?
— Мойындаймын
«Шақырылмаған қонақтың» шырмауына іліккендердің бірі – Евдакия Маслова. 78 жастағы зейнеткер көмірге деп жинаған зейнетақысынан айырылып қалған. Қорғансыздың күйін кештірген сәт қорқынышты түстей есінен кетер емес.
Евдокия Маслова:
-Үстіме су шашып, түсініксіз дұғасын күбірлей жөнелді. Шошып, «Сиқырлап жатқаннан саумысың?» деп айқай салдым. Сол сәтте екіншісі шекеме бір құрылғыны жақындатып, есеңгіретіп тастады.
Қайта, алданғанын тез ұққан зейнеткер бірден полицияға хабар беріп, екеуі де қолға түскен. Бұдан сорақысын естіген тәртіп сақшыларының да тергеу мәліметтері сиқыршының қойылымына бергісіз.
Аян Анишев, Павлодар облыстық ІІД жедел уәкілі:
-Ұсталған екі әйел пәтер иелерінің үйіне кіріп, дүние-мүліктерінің дұғаланғанын айтып, сенімге кірген. Арбауға түскендердің көз алдында жұмыртқа жарып, шүберекті орау арқылы қитұрқы әрекеттерін іске асырды. Осылайша, бар ақшаларын үптеп кеткен.
Алаяқтардың еркінсігені соншалық, бір павлодарлықтардың ғана 2 млн теңгеге жуық ақшасын сыпырып әкеткен. Жымысқы тірліктерін іске асыру үшін сыбайластардың бірі Қырғызстаннан арнайы келіпті.
-Үйді-үйге сау етіп кіріп, талайды сан соқтырып кеткен сығандар қашаннан бері қулықтарына құрық бойлатпай келгені белгісіз. Гипноздан әрең айыққан тұрғындар олардың ауыл ішін бір айға жуық кезіп жүргенін айтады. Қамауға алынған қос күдікті, әзірге, 12 дерек бойынша тергелуде. Полицейлердің мәлімдеуінше, алаяқтардың жасаған қылмысы бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.