Мына азаматтар қыстағы суыққа қарамастан шаһар көшелерін тазартып, үш ай жүк көліктерінен түспеген. Оларды коммуналдық мекеме тонналаған қарды шығаруға шамалары келмегендіктен, сырттан жалдапты. Енді есептесуге келгенде басшылары үнсіз.
Марат Исаханов, жүк көлігінің жүргізушісі:
— Біреуден қарызға ақша сұрап, күніне 80 литр дизель отынын аламыз. Екі айдан бері осындай тірлік. Енді қарызға батып, жалақысыз отырмыз. Ешкім бұл мәселеге дұрыс жауап бермейді. Тек менің өзіме коммуналдық кәсіпорын 160 мың теңге берешек.
Жүргізушілер алдындағы қалалық коммуналдық қызметтің берешегі 10 млн теңгеге жуықтаған. Аталмыш мекеменің басшылары болса, дәл қазір жүргізушілерге бере қоятын көк тиын жоқ деп ауыздарын қу шөппен сүртіп отыр.
Мұса Төлеубаев, «Павлодар қалалық коммуналдық шаруашылығы» ЖШС бөлім басшысы:
-Бұл жұмысшылардың жалақысын емес, бұл шартқа отырған техникаларға ақша төлеуіміз керек. Бұл аренда. Ақша міне түсті. Осы жұмада ақша түседі, сосын біз оны таратып береміз.
Күнде «ертең» деп жүргізушілерді сендіріп келген коммуналдық қызмет басшылығы ақпанның соңына дейін берешектерінен құтылатынын айтып ант-су ішуде. Ал құрғақ уәдеге тойған жұмысшылар енді бұл серт орындалмаса, құзырлы органдарға жүгінеміз деп отыр.