Жарияланды: 810

Петропавлда өрт салдарынан ауадағы көмірқышқыл газының мөлшері шектеулі шамадан 3 есе артты

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы екі апта бойы белең алған құрғақ әрі жылы күн райы шөптердің тұтануына байланысты өрт санының артуына түрткі болды. Тек соңғы бір аптада өртке шалдыққан қамыс пен шөпті алқаптардың ауқымы 7 мың шаршы шақырымды құраса, жалпы от құшағына оранған шөптесін алқаптар мөлшері 1500 шаршы шақырымға жетті. Бұл туралы KZ-today тілшісіне облыстық өртке қарсы күрес басқармасының баспасөз қызметінің жетекшісі Наталья Попова

хабарлады. Оның айтуына қарағанда, тек жексенбі мен дүйсенбі аралығындағы жалғыз тәулікте өрт сөндірушілер өрт ошағына 15 мәрте шақырылса, бір апта ішінде өрт сөндіруші топ 100 мәрте жолға шыққан. Қазір Петропавлдың үстін қою түтін басып тұр. Күн райы онымен күреске жол бермей отыр: жел шықпаған кезде ауаның жылы бөлігі атмосфера аясында қозғалысқа түспейтіндіктен оның төменгі бөлігінде ағзаға улы заттар жинақталады. Санитарлық дәрігерлердің Петропавл ауасынан алған сынамаларының талдамасы ауадағы көмірқышқыл газының мөлшері шектеулі шамадан 3 есе артқанын айғақтады. Улы заттардың әсерін жүрек-қан тамыры және тыныс жолдары ауруына ұшыраған адамдар артықша сезініп отыр. Ағзадағы көмірқышқыл газының мөлшері артуы оттектік аштыққа душар ететіні беглілі. Мамандардың пайымдауынша, мұндай ахуалды күн райының өзгеруі мен адамдардың табиғатпен қарым-қатынаста артықша жауапкершілікті сезінуі ғана өзгерте алады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін