Мына кадрлар Мәжіліс вице-спикерінің былтыр Петропавлдағы психоневрологиялық интернатқа келген кезінде түсірілген. Сол кезде Дариға Назарбаева әр балаға мемлекеттен төленетін жәрдемақыны тоқтату керек деген ұсыныс жасаған.
Дариға Назарбаева, Мәжіліс төрағасының орынбасары:
-Бұл жандар өмірінің соңына дейін мемлекет қарауында болады. Ішіп жемі, киімі барлық шығындарын мемлекет көтереді. Ендеше оларға қосымша тағы жәрдемақы төлеудің не қажеті бар. Одан да бұл қаржыны осы балаларға қарайтын тәрбиешілерге төленсе.
Алайда бұл интернаттың тәрбиешілері де, басшылығы да ақшадан тарықпаған көрінеді. Олар балалардың шотында қордаланып жатқан қаржыны оңды- солды жаратыпты. Мәселен, балалар жөргегін 4есе қымбат бағаға сатып алған.
Қайсар Әбішев, Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім басшысы:
-Бұл жөргектерді интернат әкімшілігі тендермен келетін жөргектерге қарағанда үш есе қымбатқа алған. Мысалы тендер бойынша 31 теңге болса, олар бұл тауарды 120 теңгеге алыпты. Ал ересектерге арналған жөргек құны 70 теңге болса да 270 теңге жұмсаған.
Алайда бұл жайында қандай да бір түсініктеме алу мүмкін болмады. «Директор орнында жоқ» дегенді сылтауратқан оның орынбасары мекеменің табалдырығынан әрі аттап бастырмады.
-Ештеңе айтпаймын. Болды.
Қазір мұнда 69 бала тәрбиеленіп жатыр. Ай сайын әрқайсысының шотына 20 мың теңге жәрдемақы түседі. Балалар кәмелетке толғанда ересектерге арналған дәл осындай мекемелерге ауыстырылып, өмірінің ақырына дейін сонда тұрады. Ал олардың шоттарына жиналатын қаржы қордаланған күйі қалады. Не болмаса, Петропавлдағы интернаттағыдай ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін көрінеді.
-Интернаттағы тексеруден соң құзырлы орган қылмыстық іс қозғау туралы ұсыныс түсірген екен. Алайда іс тек әкімшілік жазамен тыныпты. Оның өзінде бұл былыққа қатысы бар директор өз еркімен жұмыстан кетіп, жазадан мүлде құтылған. Оның орынбасарлары түрлі сөгістер алғаныман, балалардың ақшасын енді ешкімнің қайтармасы анық .