Петропавлдағы оранжереяның төңірегіндегі талас толастар емес - kaz.caravan.kz
  • $ 480.72
  • 548.07
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
1 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Петропавлдағы оранжереяның төңірегіндегі талас толастар емес

Петропавлдағы оранжереяның төңірегіндегі талас толастар емес

Қысқы бақ төңірегіндегі қырғын. Қызылжардың ең көрікті орны енді сот шешімімен 3 миллион теңге қарызы үшін коммуналдық меншікке өтетін болды. Біраз жылдан бері оранжереяны қаржыландырып келген қалалық әкімдік сөйтіп оны өз баланстарына алған. Ал оранжерея иесі сот шешіміне наразылық ретінде өз-өзіне қол салуға дейін барамын деп отыр.

  • 22 Мамыр 2014
  • 359
Фото - Caravan.kz

90-шы жылдардағы тоқырауда бұл қысқы бақ ешкімге керек болмаған. Сонда Равиль Рязапов пен оның жұбайы 4 жыл бойы жалақы көрмей өсімдіктерді толығымен сақтап қалды. Бұл еңбегін бағалаған шенділер 1996 жылы қысқы бақты оған жеке меншікке берген болатын.

Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген өсімдіктердің 2 мыңға  жуық түрі өсіріледі. Олардың дені қызыл кітапқа енген. Арасында тіпті қара кітапқа енгендері де бар. Бұл табиғатта мүлде жойылып кеткендіктен, тек қолдан өсірілетін өсімдіктер. Солардың бірі — мынау Аурария.  

Қызылжардағы осы бірегей қысқы бақтың жылдар бойы коммуналдық қарызы қордаланып қалыпты. Енді 3 млн теңгенің өтеуі ретінде әкімдік оренжереяны меншіктеріне қайта алып жатыр. Равиль Рязапов соттасқанымен, шешім шенділердің пайдасына шыққан.

Равиль Рязапов, қысқы бақтың иесі:  

-Өз-өзіме қол салудан басқа амал қалмады. Мұнда 53 жыл еңбек еттім. Бар жиған-тергенімді осында салдым. Енді келіп тартып алмақшы. Керек болса жоғары сотқа дейін барамыз. Егер оның шешімі де шенділердің пайдасына шешілсе, айтқаным айтқан, өзімді өзім тура осы жерде өртеп жіберемін.

Екі жақтың тартысынан қысқы бақтың ұжымы да мезі болған.


Мақпал Қалмырзина, қысқы бақ қызметкері:

-Біз білмейміз, басқа басқарушылар келсе, олар бізді қалдыра  ма, біз әрі қарай жұмыс істейміз бе, істемейміз бе? 

Қалалық әкімдік шенділерінің де өз шындығы бар. Олар қысқы баққа жылына 20 миллион теңге жұмсаймыз деп отыр. Бірнеше жыл бұрын жасалған жөндеу жұмыстарының өзіне қыруар ақша кеткен. 

Асхат Қазыбаев, Петропавл қалалық әкімдігінің заңгері:

-Әкімдік жөндеу жұмыстарына 300 миллион теңге жұмсады. Қазір де оны толығымен өз ақшамызға ұстап отырмыз. Сондықтан оранжерея әкімдіктің меншігіне берілуі тиіс. 

Қысқы бақтағы ең кәрі өсімдік 250 жылдық пальма. Оны Равиль Хасанұлының атасы Меккеден әкеліпті. Егер бақ шенділерге бұйырса, сирек кездесетін өсімдіктерден түк қалмайды дейді ол. Бұлай деп безілдеуі бекер емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын әкімдіктің шешімімен жарты жыл ғана  басшы болған адам сол жолы қолдағы коллекцияның көбін сатып жіберіпті.