Жарияланды: 480

"ПетроҚазақстан" ҚР монополияға қарсы агенттігінің позициясын заңдық негізсіз деп санайды

"ПетроҚазақстан" ҚР табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің компанияға қатысты позициясын заңдық негізсіз деп санайды. Бұл туралы мәлімдемені "ПетроҚазақстан" компаниясының баспасөз қызметі таратты.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 2003-жылдың 1-қазанында ҚР табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі "ПетроҚазақстан" компаниясының атына үстеме бағаға табылған-мыс делінген 6,3 млн. теңгенің табысын тәркілеп алу туралы ескерту қағаз жолдаған. Дәл осындай ескерту қағаздары "ҚазақМұнайГаз" ҰК-ның салалық бөлімшесі болып табылатын "ҚазақМұнайГаз Сауда Үйі" мен ішкі рынокта мұнай өнімдерінің көтерме саудасымен айналысатын "Меридиан П" компаниясына да жіберілген. "ПетроҚазақстан" компаниясының басшылығы бұл ескерту қағазды қарай отырып, онда бірқатар қателіктер жіберілген деген тұжырымға келді. Егер мұндай қателіктер болмаған жағдайда тәркіленетін қаржы көлемі 0,4 млн. долларды құрайтын еді дейді компаниядағылар. 2003-жылдың 2-қазанында "ПетроҚазақстан" компаниясының өкілдері ҚР табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының орынбасары Бақытжан Сағынтаевпен Астанада кездесу өткізген. "ПетроҚазақстан" компаниясының баспасөз қызметіндегілердің атап көрсетуінше, компания Агенттікпен арадағы осындай диалогты одан әрі жалғастырмақ ниетте, әрі бұл мәселе болашақта ҚР заңдарына сәйкес оңтайлы шешімін табады дегенге үміт артады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін