Жарияланды: 610

Премьер-министрдің тапсырмасымен Атырау облысына келген үкімет мүшелері аймақтағы мұнайгаз өндірісінің барысымен танысты

Астана. 28 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Премьер-министрдің тапсырмасымен Атырау облысына келген үкімет мүшелері аймақтағы мұнайгаз өндірісінің барысымен танысты, деп хабарлайды агенттік тілшісі Хабар агенттігіне сілтеме жасап.

Телеарнаның хабарлауынша, сапардың негізгі мақсаты осы өндіріс түрінің қоршаған ортаға әсері мен үлкен компаниялардағы жұмысшылардың құқын қорғауға арналды. Сондай-ақ, екі үлкен еңбек ұжымымен төрт жақты меморандумға қол қойылды. Еліміз бойынша аса ірі мұнай өндіруші компания "Теңізшевройл" бірлескен кәсіпорнында биыл екінші буынды зауыттың құрылысы аяқталды. Нәтижесінде, компания жылына 25 млн тонна мұнай өндіреді. Осындай қарқынмен жұмыс істегенде мұнай қалдықтарының қоршаған ортаға тигізер зияны артады. Бүгінде Теңіз кенішіндегі күкірт қоры 8 млн тоннадан асты. Ашық күйде сақтаулы бұл зиянды шикізат қазір көпшілікті алаңдатып отыр. Атқарушы биліктің талап етуімен осы сары тауларды азайту мақсатында биыл күкіртті ұқсату ісіне "Теңізшевроил" 11млрд теңге бөлді. Демек, енді атыраулықтарды алаңдатқан күкірт проблемасы шешілуі тиіс. Келесі мәселе 5 жылдан кейін өнім бере бастайтын "Қашаған" кен орнын игеруде мұндай олқылықтар болмауы жоба операторы Аджипке міндеттеледі, деді қоршаған ортаны қорғау министрі. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, "келешекте шығатын күкірттің көлемін 2 млн тоннадан асырмай, жабық түрде сақтау мәселесін қарастырып отырмыз. Оған осы компанияның өзі көніп отыр. Екіншіден, мұнай төгілетін жағдай болатын болса, осы біздің мына табиғатты қорғайтын Жайық өзені жанындағы базаны салу мәселесі бойынша біз, сол Аджип компаниясына басқа жерден табиғатқа әсері тимейтін жерден салынатын болсын деп мәселе қойып отырмыз". Бұл жерде әңгіме Аджип компаниясының Каспий қайраңындағы барлау бұрғылау жұмыстары кезінде апатты жағдайды болдырмауға арналған әрекет ету базасын салуы жайлы айтылып отыр. Ол база теңіз жағасындағы Дамба елді мекеніне жақын жерде салынуда. База салынса, балық шаруашылықтарының өкілдері балықтан айырыламыз деп қауіптенеді. "База салынатын болса, біз балықтың уылдырық шашатын орнын, нерестелищені, бәрін бұзамыз. Бұзылды деген сөз, балық бұл жерден кетеді деген сөз. Уылдырық шашпаса, балық өспесе, біз балықтан да айырыламыз", дейді ардагер балықшы Қадір Мәжитов. Ал ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев: "Нақты шешім қабылдауға тырысамыз. Енді ондай мүмкіндік болмаса, тағы да талқылау болар. Бірақ, әрине, елдің пікірін ойламай, есепке алмай, ешкім шешім қабылдамайды". Сол күні еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен ТШО мен Атырау мұнай өңдеу зауытында жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Министр осы шараның маңызына тоқталды. "Біз енді, қазір мына көптеген кәсіпорын басшыларыменен меморандумға қол қойғандағы мақсатымыз, соған қарамастан ол кісілер өздеріндегі қызмет істейтін жұмысшылар санын қысқартпау. Егер ол кісілер шығарып жатқан өнім өтпей жатса, онда ол кісілерді басқа жұмысқа пайдалану",-деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев. Әлемдік қаржы дағдарысы әсер етеді деп күтілетін облыстағы барлық ірі компанияларда осындай меморандумдарға қол қойылатын болады. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін