Жарияланды: 1600

Президент ДДҰ/ЮНИСЕФ-тің алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы Алматы декларациясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияға қатысушыларға құттықтау жолдады

Астана. 15 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ДДҰ/ЮНИСЕФ-тің алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы Алматы декларациясының 30 жылдығына орай Алматыда ұйымдастырылған халықаралық конференцияға қатысушыларға құттықтау жолдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елбасының құттықтау сөзін мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев оқып берді. "Отыз жыл бұрын осы қалада әлемдік қоғамдастық үшін аса маңызды оқиға - алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы Алматы декларациясы қабылданған еді. Тарихта тұңғыш рет адам денсаулығы адамзаттың жаһандық мақсаттары деңгейіне көтерілген болатын. Осы халықаралық құжаттың негізгі қағидалары бұрынғысынша өзекті, олар дүниежүзінің көптеген мемлекеттерінің денсаулық сақтау саласын дамытуда басымдылыққа ие болып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ Балалар қорына мерейтойлық конференцияны біздің елімізде өткізу жөніндегі шешімі үшін айрықша ризашылығымды білдіремін. Біз, қазақстандықтар, бұл шешімді біздің медициналық көмектің сапасын жан-жақты жақсартуға, адамдардың денсаулығын нығайтуға деген ұмтылысымызды қолдау деп бағалаймыз", - делінген мемлекет басшысының жолдауында. Мемлекеттік хатшы өзінің сөйлеген сөзінде де Қазақстан ДДҰ және ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастықта Алматы декларациясының қағидаларын дәйекті жүзеге асырып отырғанын атап өтті. "Бала өлімін азайту, ана денсаулығын жақсарту мәселелері, ВИЧ/СПИД және тубуркулезбен күрес біздің еліміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттары болып табылады. Қазақстанда салауатты өмір салтын қалыптастырудың жүйелі моделі қалыптасқан, соның арқасында Қазақстан азаматтарының бойында өзінің денсаулығын сақтауға деген жауапкершілік орнықты", - деп атап өтті мемлекеттік хатшы. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін