Бүгінгі жиынның жаймашуақ өтпейтінін білсе де үкімет мүшелері көңілді. «Қазір масқара боламын-ау» деп қобалжып жүрген ешкім жоқ. Тек отырыс залына қабағын түйіп Серік Ахметов кіргенде барлығы демін ішіне тартты. Алайда күтпеген жерден батылдық танытқан премьер аяқ-асты жәутеңдеп шыға келген министрлердің бірін де аяған жоқ.
Серік Ахметов, ҚР Премьер-министрі:
— Бюджет қаржысын тиімді игере алмағаны үшін Денсаулық сақтау вице-министрі Тәкежановқа, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Төлебаевқа және Қаржы министрінің орынбасары Теңгебаевқа сөгіс жариялаймын.
Қарамағындағылардан көңілі қалған Серік Ахметов мұнымен тоқтамады. Елбасының алдында өзін ұятқа қалдырғаны үшін ісі шала бірнеше шенеунікті көптің көзінше қызартты.
Серік Ахметов, ҚР Премьер-министрі:
— Индустриалды-инновациялық бағдарламаны құрдымға жіберген Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау, Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин, Президенттің айтқан сыни пікірлерін ақпарат құралдарынан толық тарата алмаған Ақпарат және мәдениет вице-министрі Арман Қырықбаевқа да сөгіс жариялансын.
Ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтің орынбасары Арман Қырықбаев кемшілігін түзеуге үлкен қарқынмен кірісіп кетті. Төрт тәуліктен бері тосын мінез танытып жатқан барлық мемлекеттік БАҚ «Үкімет қайда қарап отыр?» деп шулап жатыр. АлБілім және ғылым министрі отырыстан соң тіпті орынбасарсыз қалды. Даудан көз ашпаған бұл ведомстваның екі вице-министрі қызметінен алынды. Берілген тапсырманы орындай алмады дегендердің қатарында Мұрат Әбенов те бар.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
— Үкіметке біз ұсыныс жібердік, орынбасарлар өз еркімен жұмыстан босатылады. Адамдар жұмыс істемесе, сол жұмысынан шығарылады.
Ал сөгіс алып еңбек кітапшасы бүлінген атқамінерлердің ешкімге өкпесі жоқ.
Серік Нокин, ҚР Өңірлік даму министрінің орынбасары:
— Сөгіс жарияланды ғой. Орынды деп ойлайсыз ба? Орынды. Неге десеніз, қазір өзіңіз де білесіз құрылыс жағдайында, ЖКХ-да проблемалар бар.
Осылайша премьер Елбасының айтқан қатал сынынан соң бір ай өткенде қимылдай бастады. Бірақ жазаланып жатқан министрлер емес, бірыңғай орынбасарлар.
Ал қазына қаржысына бас көз бола алмаған облыс әкімдерінің орынбасарлары да қатаң жазадан құр қалмады. Үкімет басшысы аймақтардағы айыпты атқамінерлерге бүгін кешке дейін шара қолдануды тапсырды. Егер бұл ескертуден жыл соңына дейін ештеңе өзгермесе, Серік Ахметов Елбасына шаруаны мандытпаған министрлер мен әкімдерді орнынан босату туралы өтініш айтпақ.