Жарияланды: 620

Қайрат Жамалиев 13 жылға сотталды

Бүгін Астана соты атышулы «Әліби ісіне» соңғы нүкте қойды. Қайрат Жамалиев 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Осылайша, судья кескен үкім  прокурор сұраған жазадан да қатаң болып шықты. Мемлекеттік айыптаушы кәсіпкерді 10 жылға соттауды  сұрап еді. Енді, 45 жастағы Жамалиев жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді және  бар мүлкі тәркіленеді. Үкімді естігенде Жамалиевтің  жақындары тура сот залында  зар жылап, ұлардай шулап қалды. Ал

кәсіпкердің сыбайластарының бірі 12 жылға, екіншісі 8 жылға сотталды.

Тоқалға таласып бүкіл елге танылған кәсіпкердің ісіне қатысты соңғы сот  отырысына келгендердің қарасы көп. Есік алдында ұзын-сонар кезек. Көбі Жамалиевтің жақындары мен журналистер. Үкімді тыңдауға даудың басты себепкері Айнұр Исина мен Әліби Жұмағұлов та қатар келді.

Залда да ине шаншыр жер жоқ. Қайрат Жамалиев пен оның қос қолшоқпарына сарбаздар адам жуытпайды. Судья алдымен екі ай бойы жабық қаралған істің мән-жайын, яғни  қылмыстың қалай болғанын түсіндірді.  Жамалиев Арман Әбілтаевпен бірігіп, Әліби Жұмағұловты заңсыз қамауда ұстаған, ұрып-соғып, тіпті сексуалдық сипатта зорламақ болыпты. Судья үкімді сағатқа жуық оқыды.

Ербол Рахымбеков, судья:

- Суд приговорил  Жамалиева Кайрата признать виновным в совершении уголовных правонарушений.  Определить к отбытию 13 лет лишения свободы с конфискацей всего имущества,с отбыванием наказания в колонии строгого режима.

Үкімді естігенде Жамалиевтің өзі сыр алдырмады. Қайта шағымданамын деп отыр. Кәсіпкердің жақындары болса,  өздерін ұстай алмай, тура сот залында айқайға басты.

Ал 45 жастағы кәсіпкер мен 24-гі жігітті шекістріп қойған Айнұр Исина залдан елден бұрын  шығып, үнсіз кетіп қалды. Қасындағы құрбысы үкімге қарсылық білдіріп барады.

- Айнұр, сіз келісесіз бе үкіммен? - Жоқ, келіспейді. Өте қатаң жаза. Қанша баласы қалды, кішкентайлары бар. Бұлай болмауы керек еді.

Жамалиевтің ашулы туыстары сыртқа шыққан соң да басыла қоймады. Есік алдында  тілшілерге  тап беріп, балағаттап, жұдырық ала жүгірді.  

- Уберите б..ть камеру  я сказала. Уберите.

Әлібидің әкесі де әрі қарай не істейтінін шешпепті. Өйткені судья Жұмағұловтардың Жамалиевтен моральдық шығын ретінде  200 миллион теңге талап еткен өтінішін кері қайтарды.

Жалпы, бұл оқиға сәуірде  болған еді. Нұрлан Жұмағұлов «балам Әлібиді  ұрып-соқты» деп суретін, кейін видеосын әлеуметтік желілерге жариялайды. Сөйтіп, бұл оқиға бүкіл қоғамның наразылығын тудырды. Дауға астаналық кәсіпкердің сүйіктісі себепкер болған. Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, келіншек оның ұлымен көңіл қосқан көрінеді. Мұны көтере алмаған Жамалиев жандайшаптарымен жабылып Әлібиді өлімші етіп сабаған. Ол көп ұзамай ұсталды. Кейін көмекшілері де қолға түсті.

Осылайша, судья зорлық жасаумен аты шыққан Жамалиевке прокурор сұраған жазадан да қатаң үкім кесті. Мемлекеттік айыптаушы кәсіпкерді 10 жылға соттауды сұраған еді. Енді Қайрат Жамалиев 13 жылын қатаң режимдегі абақтыда өткізеді. Және оның бар мүлкі: Астанадағы қымбат пәтері, 5 компаниясы, Lexus, Mercedes, Lamborghini маркалы автокөліктері мен банктердегі есеп-шоттары тәркіленеді. Ал, Жамалиевпен бірге айыпталған Арман Әбілтаев 12 жылға, Анатолий Прибытков 8 жылға түрмеге тоғытылды. Олардың да бар байлығы  мемлекеттің меншігіне өтеді. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін