Жарияланды: 490

Қала күнінде Алматыдағы бұрынғы Главпочтамт ғимаратындағы мұнаралық сағат қайтадан іске қосылады

5-қазан , Қала күнінде Алматыдағы бұрынғы Главпочтамт ғимаратындағы мұнаралық сағат қайтадан іске қосылады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Биыл 40 жыл толатын бұл көне сағат осыдан бірнеше жыл бұрын тоқтап қалған болатын. Сағатты қайтадан жөндеу туралы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясы мен Қазкоммерцбанкі бастама көтеріп, банк бұл мақсатқа 4,5 млн. теңге бөлді. Алматының орталығындағы бұл сағат қала күнінде спутниктік байланыс көмегімен іске қосылмақшы. Сағатқа орнатылған австрияның "Schauer Sacns" фирмасының қазіргі заманғы сағат механизмі спутниктік байланыс көмегімен басқарылады. Озық технологияларды пайдалану нәтижесінде сағат өз жүрісін өзі реттеп, қысқы және жазғы уақытқа өз бетімен көше алады. Ал сағат дизайнын бұрынғы қалпында қалдыру ұйғарылды. Сағатты жаңалау жұмысын отандық "Синдикат" компаниясы атқарды. Сағатты іске қосуға арналған мерекелік салтанатқа Алматы әкімі Виктор Храпунов, консерватория және Қазкоммерцбанк басшылығы мен Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев сынды қаланың құрметті тұрғындары қатысады. Тұсаукесер рәсімінде 60-шы жылдардағы фотосуреттерді қамтитын мұнаралық сағаттардың тарихына қатысты көрме ашылады. Сондай-ақ, бұл күні қалаған адамдар әуе шарымен 27 метрге көтеріле алады. Өйткені, техникалық ерекшеліктерге бай жаңа механизм дәл осы биіктікте орнатылған. Тұсаукесер шарасы барысында "Дос-Мұқасан" ансамблі, Батыр Шүкенов, "Блюз Мотель" тобы мен үрмелі аспаптар ансамблінің қатысуымен концерт өтеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін