Қанат Исламды қай нәтижесі үшін елге үлгі етіп жүрміз? Айтылмаған шындық - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қанат Исламды қай нәтижесі үшін елге үлгі етіп жүрміз? Айтылмаған шындық

Қанат Исламды қай нәтижесі үшін елге үлгі етіп жүрміз? Айтылмаған шындық

Біраздан бері жазғымыз кеп жаза алмай, айтқымыз кеп айта алмай жүрген мәселе еді. Қу тіршіліктен қолымыз босамай, босай қалса қаламымызд

  • 2 Мамыр 2017
  • 5895
Фото - Caravan.kz

Біраздан бері жазғымыз кеп жаза алмай, айтқымыз кеп айта алмай жүрген мәселе еді. Қу тіршіліктен қолымыз босамай, босай қалса қаламымыздың «сиясы» болмай біраз тосылып жүрдік. Содан, ойда жүрген дүниені қағазға түсірудің бүгін реті келген екен, деп жазыпты szh.kz порталы.

Соңғы уақытта елімізде кәсіпқой бокс ғарыштап дамып жатқаны жасырын емес. Қазақ кәсіпқой боксшыларының тізімін айтқанда немесе жанкүйерлерден кімдерді танисың деп сұрағанда Геннадий Головкиннен кейін Қанат Исламның есімі аталып жүр. Кәсіпқой рингте әзірше жеткен жетістігі, тындырған ісі болмаса да, әйтеуір қазақ жанкүйерлері арасында аса танымал. Ал, жуырда ғана әлем чемпионы атанған Жанат Жақияновты, жалпақ тілмен айтқанда, әлемнің вице-чемпионы Бейбіт Шүменовты қазақ жанкүйерлер тани бермейді. Өйткені, олар елім-жерім деп тура мағынасында жылаған жоқ, шеттен шекара асып келген жоқ. Әлемге қазақты боксы арқылы танытып жүрген Жанат пен Бейбітті емес, Қанатты жас ұрпаққа батыр, тұлға етіп те көрсетіп жүрміз. Иә, жастарға үлгі боп жүргеніне қуаныштымыз. Бірақ, өскелең ұрпаққа Қанат Исламды қай жетістігі үшін, қандай ерлігі үшін үлгі (батыр) қылып жүрміз. Осыны ойладық па? (Ойлап көріңіз, мақала соңында сізден міндетті түрде сұрайтын боламыз).

Бұйырса, Қанат алдағы уақытта расымен қанатын кең серпіп, әлемді мойындатқанын, шын мәнінде жастарға үлгі болғанын қалаймыз. Бірақ, дәл қазір емес. Бірді айтып, үшке өтпей тұрғанда кіріспемізді осы жерден тоқтата тұрып, Сіз емес, Сіздер үлгі тұтып жүрген Қанат Исламның кәсіпқой бокстағы (жеке өміріндегі емес) негізгі қателіктерін рет-ретімен баяндағанды жөн көріп отырмыз.

Кәсіпқой боксқа кеш келген талант

Нағыз талантты боксшылардың бірі – Қанат еді. Рингтегі қимылын айтпағанда, соққысының өзі талай боксшыны қаймықтыратын. Қанаттың кәсіпқой боксқа ауысқандағы басты қателігінің бірі әлемдік деңгейге жеткізетін промоутермен келісім шарт жасамағаны мен дұрыс бапкер таңдамағаны. Әрине, бұл жерде Қанат Исламның кәсіпқой боксқа ауысқысы келгені және оны сол уақытта «Астана арландарын» баптаған Нелсон Лопестан басқа оған ұсыныс білдірген ешкім болмады. Сондықтан, ол Лопеспен жұмыс істеуге келісті.

«Нелсон Лопес – колумбиялық промоутер. Кәсіпқой бокста ең үлкен төрт бокс кешін өткізген. Және бірде-біреуі әлем чемпионы атағы үшін өтпеген. Былайша айтқанда, ауданаралық турнир ұйымдастырғанмен бірдей. Осыдан-ақ, Нелсон мырзаның бокс әлеміндегі абройын ойлай беріңіз».

Дегенмен, әр промоутердің, менеджердің айлық, жарты жылдық және жылдық жоспары болады ғой. Мысалы, пәлен жылда мына белбеуге, түлен жылы әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасасың деген сияқты. Қанат Нелсон көкесімен жасаған келісім шартында не жазылғаны, қандай келісім болғанын білмейміз, бірақ бес жылдан бері әлі чемпиондық атақ үшін жекпе-жек өткізбегені бізді қынжылтады. Бес жылда 23 рет шаршы алаңға шыққан боксшының еншісінде қазір екі ғана белбеу бар. Бірі – vacant WBO Inter-Continental яғни, аймақтық WBO белбеуіне үміткер, екіншісі – WBA Fedelatin. Бес жылдағы Қанат Исламның өзі үшін ауыз толтырып айтатын нәтижесі осы. Ал, жанкүйер ретінде бұған біздің көңіліміз толмайды. Себебі, Қанаттың чемпиондық белбеуге шығатын уақыты өтіп бара жатыр. Оған промоутер мен бапкерін ауыстыру керек деген сөз ел ішінде әлсін-әлсін айтылып жатыр, бірақ енді бәрі кеш сияқты. Қанат биыл 23 жасқа толып жатса, оның чемпиондармен кездесуі әлі алда деп өзімізді жұбатушы едік, өкінішке қарай ол биыл 33 жасқа толады. Уақыт пен күш-қуатты ешкім ұстап тұра алмайтыны беске бесті қосқанда 10 болады дегендей айдан анық қой.

Головкин әлемдік боксшы, Ислам халықтық боксшы

Бірден айтайық, Геннадий мен Қанатты салыстыруға мүлдем келмейді. Екеуін салыстырудың өзі бокс мамандары мен жанкүйерлер үшін әбестік болады. Екеуі де екі бөлек боксшы, екі бөлек деңгей. Бірақ, бүгінде қазақстандық бокс жанкүйерлері арасында екі боксшыны салыстыратындардың қарасы көбейіп кетті. Жанкүйерлердің салыстыруы заңдылық екіні анық. Ал, біз журналист ретінде екі боксшыны не үшін салыстыруға болмайтынын, екеуінің өткізіп жүрген жекпе-жектерінен-ақ байқауға болатынын айтқымыз келеді. Яғни, Геннадий әлемдік деңгейдегі «big drama show» өткізіп жүрсе, Қанат халықтық деңгейдегі бокс кешін өткізумен әуре. Қанат Исламның қарсыластарының деңгейін айтпағанда, бүгінге дейін әлі рейтингтік жекпе-жектер өткізіп жүр. Геннадий vacant WBO Inter-Continental атағын 17-ші, WBA чемпиондық белбеуін 20-шы кездесуінде алса, Қанат 22-ші кездесуінде vacant WBO Inter-Continental белбеуін иеленді. Тағы бір айта кетерлігі, Қанат Исламның 23 кездесуіндегі 9 қарсыласының жеңісі мен жеңілісінің айырмашылығы жермен көктей. Тіпті, бір рет болсын жеңілісі жоқ қарсыласпен кездесу өткізбепті.

Бәлкім, Қазақстанда кәсіпқой бокс енді дамып келе жатқан соң болар жанкүйерлер техникалық нәтижелерге аса қатты мән бере бермейді. Ұтты ма, ұтты. Болды. Қарсыласының деңгейі оларды қызықтырмайды. Бірақ, 5-10 жылдан кейін елімізде жанкүйерлік «мәдениет артып» Қанаттың қарсыластарына қарап, жоғарыда «Халықтық боксшы» деп айтқанымызды түсінетін болады.

Осы орайда Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненконың мына пікірін келтіре кетейік: «Мен түсінбеймін, оған (Қанат Исламға – ред) жеңілісі өте көп қарсыластың не керегі бар? Бұл Қанаттың тәжірибесі мен атағына сын келтіреді. Канат Ислам аймақтық белбеулерді жинауды доғарып, титулдық жекпе-жектер өткізу керек. Промоутерінің не ойлап жүргенін түсінбедім. Ол Исламның титулды жекпе-жегіне жетпей, тек сыбыстың ортасында қалғанын қалай ма? Егер 1-2 жылдың ішінде титулды жекпе-жек өткізбесе, ары қарай кеш болады. Тезірек әлем чемпионы атану керек» дейді Демьяненко.

Осыдан 1-2 жыл бұрын қазақстандық жанкүйерлер «отандық телеарналар Геннадийдің жекпе-жегін көрсеткенше неге өзіміздің Қанаттың кездесуін көрсетпейді» деген сыңайдағы пікір айтылып еді. Оның себебін спорт журналисі Абай Отар былай түсіндіреді:

«Қанаттың (2015 жылы Джонатан Батистаға қарсы кездесуін) боксын отандық телеарна не үшін көрсетпеді бізде? Біріншіден, әр турнирді түсіруге құқылы белгілі телеарна болады. Басқа елдер жекпе-жекті көрсетуі үшін рұқсатнама сатып алуы керек. Бұл жолы аталған жекпе-жектің құқығы NBC арнасына тиесілі болды. Тек солар ғана түсіріп, көрсетуге құқылы еді. Екіншіден, аталған арна Қанаттың жекпе-жегін тіпті көрсеткен жоқ. Мен интернеттен көрсетіп қалар деп әлгі арнаны қадағалап отырғанмын. Оның орнына футбол матчын көрсетіп кетті. Неге? Әуелі сол күнгі негізгі жекпе-жек Кэвин Бизиэ мен Фредрик Лаусон арасында болған-тұғын. Қанат Исламның кездесуі қосымша, бокс тілімен айтқанда андеркарт еді. Сондықтан, аталған арна Қанаттың боксын көрсеткен жоқ. Міне, бары осы».

Соңғы жылдары Қанат Ислам елге жиі келгіштеп кетті

«Ну и что, келсе өз жеріне келіп жатыр, онда тұрған не бар?» деп өре-түрегелуіңіз мүмкін. Асықпаңыз. Сасқанымыздан аузымызға Абай түседі демекші, Қанатты айтқанда еске Головкин оралады. Бірнеше тұжырым бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің өзі Қазақстанға екі-үш жылдың ішінде бір келеді. Келсе де, чемпиондық атаған қорғап немесе чемпиондық атақ қосып елге оралады. Ал, Қанат Ислам жылына 3-4 рейтингтік кездесу өткізіп, елге 2-3 рет келіп кетеді. Осындайда, бала кезімізде үйінен тысқа шығу қиын қатарластарымызды «үй кішік» деп мазақтайтынымыз еске түскенін қараңызшы. Осы сөзді Қанатқа қарата айтқымыз келмейді, бірақ…


Қазақ болған соң ел батырын асқа, одан қалса массовкаға шақырады, одан босап жатса көрші ауылдағы байшыкештің көкпарына алдыртады. Бармасаң өзіңе зиян тиіуі немесе көкең ренжіп қалуы мүмкін. Әйтеуір, есіл уақыттың кеткені. Қайта текке өткізген уақытты жаттығу залында пайдаланып, келесі қарсыласына дайындығын күшейтсе. Біз Қанат елге келмесін деп тұрғанымыз жоқ. Келсін. Бірақ, белгілі дәрежені бағындырып, өзін жанкүйерлеріне сағындырып келсе екен дейміз. Кәсіпқой бокстағы шыңға жетіп, миссиясын орындап келсе бір жөн. Содан соң, серілік құрып ел кезіп, көкпардан көкпар тартып, әлде ауыл аралап жастарды боксқа баули ма енді ол өз еркінде.

Қанат Исламның аузына сөз салып жүрген кім?

Қанатты бұрыннан ұлтжанды, елін, жерін сүйетін адам екенін білеміз. Бірақ, соңғы уақытта Қанаттан басқа ешкім елін ойламайтын, ұлтын сыйламайтын сияқты көрініп кетеді. Алысқа бармай-ақ, соңғы Робсон Ассиске қарсы өткен жекпе-жегіндегі сөзін еске түсірейікші. Кездесу соңында да, елге кеп журналистерге берген сұхбатында да «Қабағым жарылғанда бір секунд ішінде елімді ойладым» дейді. Сонда Қанаттың қабағы жарылды деп бүкіл әлем Қазақстанды күлкі қыла ма әлде Қазақстанға келетін жау Исламның қабағы жарылуын күтіп жүр ме? Немесе Қанаттың бүкіл абыройы Қазақстанға тіреліп тұр ма екен?

Шындығына келгенде ол елін емес, өзін ойлады. Өзінің сол кезде жеңіліп қалмауын, жанкүйерлерге масқара болмауын ғана ойлады. Басқа түк ойлаған жоқ. Ал, ол елімді ойладым деп ойланбай айтып, сөзден «авария» болатынын ойлаған жоқ. Әлде Қазақ жанкүйерлерін сауатсыз деп ойлай ма? Қанаттың жеңілгенінен Қазақстанның абройы кеміп қалмайды, тіпті Қанат Исламның Қазақстаннан екенін сол кештің ұйымдастырушылары мен боксшылар ғана білген шығар. Басқа ешкім білмейді. Қанатты әлем тануы үшін әлемге танылған боксшымен жұдырықтасу керектігін айтпасақ та біліп отырған шығарсыз. Қалғанының бәрі бос әңгіме.

Спортты ұлтқа, дінге және нәсілге теңеуге болмайтынын спортшы жақсы білуі тиіс. Әуелде спорт ойындарын ойлап тапқан ойшыл ойыншы, олимпиаданы ұйымдастырғанда ел мен елді, ұлт пен ұлысты біріктіру үшін, достықты арттыруды ойлаған еді. Шетелдіктер осы тәмсілді ұстанып, спортты тек спорт ретінде түсінеді. Спортты ұлтқа әкеп тірей беретін тек біз ғана шығармыз. Мысал керек пе? Міне мысал: «Біздің ел үшін атақтан бұрын бауырмалдық бірінші орында тұрады. Головкин екеуміз бір-бірімізді сабағанша, ол өз салмағында мен өз салмағымда чемпион болу әлдеқайда артық деп ойлаймын» дейді Қанат Ислам. Спортшы спортты таңдағанда бәріне дайын болу керектігін Қанат менен артық біледі деп ойлаймын. Барлық спортшының арманы – қарсыластың кім болуына қарамастан әлемді бағындыру екенін де менен 100 есе артық біледі. Осының бәрін біле тұрып, карьерасында қазақ боксшымен кездесіп қалатынын білмеді ме сонда? Әлде бір-бірімен жұдырықтасып жүрген шетелдіктер ақымақ, ұлтын ойламайтын намыссыздар ма? Қанат жекпе-жекке шақырып жүрген мексикалық «Канело» алдағы жексенбі күні отандасы кіші Хулио Сезар Чавеспен жұдырықтасады. «Екеуміз де бір елдің білдей азаматтарымыз, бауырлығымыз тағы бар, әлем алдында бір-бірімізді сабағанымыз ұят болады» деп жатқан олар жоқ. Себебі, мұның спорт екенін, рингте ғана қарсылас, өмірде қандас екенін біледі. Жанкүйерлер де оны түсінеді. Бокс олардың мамандықтары. Бұл жерде екеуінің нағыз өз саласының мамандары екенін аңғаруға болады. Біреудің аузына қақпақ бола алмаймыз. Дегенмен, ел алдында жүрген азамат болған соң әр сөзіне абай болу керек қой. Қанаттың аузына сөз салып жүргендер осы жағын ескерсе дейміз.

Қанат "QAZAQ" Ислам

Қанат “QAZAQ” Ислам

Осы мақаланы жазып жатқанымызда бізге көмек болсын деді ме, әлде ой қосайын деді ме әйтеуір, фейсбук әлеуметтік желісін қолданушы Жандос Құсайынов мырза мынадай бір пост жазды. Соны сіздерге қаз-қалпында жеткізуді, артық ешқандай ой қоспауды жөн көрдік.

«Головкиннің жетістігі еліміздің бірқатар боксшыларына шабыт əлде мотивация сыйлады ғой. Соңғы кезде қазақ азаматтарының кəсіпқой боксқа немесе кəсіпқой төбелеске көптеп баруы қуантады. Бірақ бір ой бар еді. Лақап атқа неге «Қазақ», «Албан», «Найман» деген ұлт, ру атауларын таңдайды екен? Мен бұл таңдаудан минимум екі ұнамсыз дүниені көремін. Бірінші, егер алда-жалда Қанат бауырымыз шаршы алаңда жеңіліс тауып жатса, қазақ жеңілген бола ма? Біртүрлі. Əрине, жеңілмесін дейтін, тілеуін тілеп, тақым қысып отыратын жанның бірімін. Бірақ спорт ол – спорт. Бəрі мүмкін. Сондықтан Қанат «Қазақ» Исламның əгəрəги болуы кəдік жеңілісі тым ауыр мен үшін.

Екіншіден, ру атауларын желеулетіп шығу да біртүрлі. Өткенде қалың найманның атын еншілеген Қуат «Найман» жеңілді. Найман жеңілді. Ой, қандай ауыр… Қазір «Албан» деген лақап атпен Айдар Шарибаев есімді жігіт кəсіби алаңда қолғап киіп жүр. Бұл ғадет басқа да спортшыларға жұғуы əбден мүмкін. Бұл – руды əспеттеу ме, бөлшектеу ме, не тенденция? «Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады». Ендеше, найман, албан, адай да қазақтың өзі. Жауапкершілігі аса ауыр ұлт, ру атауын аумалы-төкпелі спорттың таразысына тастап жіберу қалай болар екен…».

Түйін

Негізгі айтпақ ойымыз, Қанатты сөгу немесе абройына нұқсан келтіру емес. Біздікі тек жанкүйерлік көзқарас қана. Көзге көрініп тұрған кемшілікті, қателікті айту. Егер, осында Қанат Исламның нәтижесін жоққа шығарып, қате сөз жазып қойған болсақ командасынан және өзінен кешірім сұраймыз. Рас, біз оның командасында қандай әңгіме, қандай жоспар, келіссөздер жүріп жатқанын білмейміз. Бірақ, жоғарыда айтқанымызды олар да жоққа шығара алмайтыны анық. Қанат Ислам осы айтқандарымызды жоққа шығарып, өзін әлемге мойындатса шын қуанатын едік. Солай болсын деп тілмейміз. «Айтылмаса сөздің атасы өледі» дегендей көзге бадырайып көрініп тұрған келеңсіз дүниелерді айтпақ болдық. Қанат Ислам тезірек Әлем чемпионы атанып, дүниежүзіне танылғанын қалаймыз. Бары осы ғана.

Ал, Сіз Қанат Исламды қай нәтижесі үшін елге үлгі етіп жүргеніңіздің жауабын таба алдыңыз ба?

Мақала авторы: Асқар Таудай

Соңғы жаңалықтар