Қырықтың төртеуіне келген Ермек бірнеше айдан бері осы ауладағы ашық тұрған кәріз құдығын паналап жүр. Кезінде отбасылы болған азамат қазірде мүлде жалғыз қалған. Туған ұлы мен анасы да қайтыс болыпты. Ал өзін белгісіз біреулер ұрлап әкетіп, құлдыққа салған.
Ермек Әбішев :
-«Жарма ауданында қой бағып жүрдім. Қыстағы аязда аяғым қатты үсіп кеткен болатын. Жарамсыз болып қалғандықтан қожайын мені қалаға әкеліп тастады»
Осы аулада тұратын адамдар қазір оған қолдарынан келгенше, бірі азық, бірі жылы киім беріп жәрдемдесуде. Жанашыр азаматтар Ермекті бейімдеу орталығына не қаладағы қарттар үйіне орналастырса деп өтінеді.
Думан Мұқанов, Семей қаласының тұрғыны:
«Келе жатып құлап қалады. Көрген адамдар өтіп кетеді жан-жағынан. Жанымыз ауырады! Бірақ біреу көмектеседі деп ойлаймын»
Қолында бірде-бір құжаты жоқ Ермек Әбішевтің қазіргі тұрағы тереңдігі 1 метрден аспайтын шұңқыр. Құбыр үстіне ол көрпе емес, қатты қағаз төсеп ұйықтайды.
-Әзірге қыстың беті бері қарап тұр. Алайда синоптиктер келесі аптада күн күрт суытып, ауа температурасы -25 градусқа дейн төмендейтінін айтуда. Егер қазірден бастап қарекет қылмаса кәріз құдығын паналаған Ермек қатты аязда қатып қалуы мүмкін дейді жанашыр көршілері.