Қарағандыдағы «Таңшолпан» балабақшасының басшылары әкімшілік жауапқа тартылды.
Тұтынушылар құқын қорғау басқармасының Қазыбек би аудандық бөлімшесі хабарлағандай, ата-аналардан бала-бақшаның тамағы нашар деген шағым түскен.
Ата-аналардың болжамы расқа шықты. Мектепке дейінгі мекеменің ас мәзірі мемлекет бекіткен стандарттарға сай емес, дейді бөлімдегілер.
Мәселен, тәрбиеленушілерге сары майдың орнына маргарин, ал, печеньенің орнына қытырлақ берген. Сонымен қатар, балалар күндігіне тиісті 150 грамның орнына 70 грамм ет жеп келіпті.
«Ал, сиыр сүтінің орнына құрғақ сүт берген. Тексеру барысында 32 кг құрғақ сүт ұнтағы тәркіленді», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, балалар күніне бес рет емес, төрт рет тамақтанған.
Тексеру нәтижесі бойынша балабақша басшылары әкімшілік жауапқа тартылды. Оларға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.