Жарияланды: 1700

"Қарағанды конфеттері" ААҚ Қарағанды облыстық кедендік басқармасының үстінен сотқа түсірген шағым бойынша жеңіске жетті

Қарағанды қалалық Қазыбек би аудандық сотында "Қарағанды конфеттері" ААҚ тарапынан Қарағанды облыстық кедендік басқармасының үстінен сотқа түсірген шағым бойынша сот отырысы өтті,- деп хабарлайды жергілікті KZ-today тілшісі.

Акционерлік қоғамның бас директоры Виталий Пахненконың айтуынша, Қарағандылық кеденшілердің кондитерлерді орама материалдардың бағасын бес есе арттыруға итермелеуі сотқа шағым түсіруге себепкер болған. В.Пахненконың айтуынша, аталмыш тауар Ресейден әрбір килосы 1,2 доллардан сатып алынған көрінеді. Алайда Қарағандыға жеткізілгеннен кейін кеденшілер жүкті тосып алушыларға килосына 10 доллар шамасындағы орташа тауар құнын белгілеген. Соның салдарынан "Қарағанды конфеттері" ААҚ тауарды рәсімдеуге 24,5 мың доллар артық төлеуге мәжбүр болады. Кәмпит өндіруші фабриканың шағымын қараған аудандық сот шағымды толық қанағататндыру туралы шешім шығарып, кедендік басқарманы фабрикаға 24,5 мың долларды кері қайтаруға міндеттеді. Бас директордың пайымдауынша, "кеденнің мұндай әрекеттері отандық өнім өндірушілердің жұмысына тосқауыл жасап, өнім бағасын жасанды қымбаттауға мәжбүр етуде". Ал кедендік басқарманың бір қызметкері қалыптасқан ахуалға былай деп түсініктеме берді : " шартты бағамен жұмыс істеу көп жағдайда субьективтілікке апарып соғады. Сатып алу бағасы көптеген факторларға байланысты, ал орташа баға көбінесе нақты бағадан сәл қымбатырақ келеді. "Қарағанды конфеттері"-не байланысты жағдайда да осындай ахуал орын алып отыр." Кедендік басқарма қызметкері сондай-ақ, өз мекемесінің аудандық соттың шешіміне қарсылық білдірмейтінін хабарлады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть