Бұл туралы Саран қаласының прокуратурасынан хабарлады.
«Белгілі болғандай, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалдық кодекстеріне өзгерістер енгізіліп, олар бойынша бірқатар шектеулер орнатылды. Атап өтер болсақ, кәмелет жасқа жетпегендердің жыныстық дербес құқықтылығына қарсы қылмыстар үшін шартты жазалауды қолдануға тыйым салынған. Осылайша, Саран қалалық сотының үкімімен Ақтас кентінің 33 жастағы тұрғынына өзімен бірге тұратын әйелдің 5 жасар қызына қатысты зорлықты қолданусыз азғындық әрекеттер жасағаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы шығарылды», — деп ақпараттандырды Саран қалалық прокуратурасының аға прокуроры Ұлан Сәдуақасов.
Қылмыс өткен жылдың күзінде жасалды. Ер адам арам ойын қыз баланың анасы үйде жоқ кезде жүзеге асырды.
Прокурор сотталған педофилдер шартты түрде мерзімге дейін босатылмайтынын және оларға рақымшылық жасалмайтынын атап өтті.
«Кәмелет жасқа жетпегенді қылмыстық процеске жәбірленуші ретінде тарту оның психологиялық жағдайына әсер ететіні сөзсіз. Осыған байланысты, Қылмыстық-процессуалдық кодекстің нормалары өзгертіліп, толықтырылды. Яғни, кәмелет жасқа толмаған жәбірленушіні сұрау педагог және (немесе) психологтың міндетті қатысуымен өтеді», — деп түсіндірді Ұ.Сәдуақасов.