Қарағанды облысында тұрғындар наразылық білдірді - kaz.caravan.kz
  • $ 479.26
  • 546.21
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
1 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қарағанды облысында тұрғындар наразылық білдірді

Қарағанды облысында тұрғындар наразылық білдірді

Қарағанды облысында ауылдағы жалғыз емхананың жабылуына қарсы жұрт наразылығын білдірді. Шахан елді-мекеніндегі емдеу мекемесін Денсаулық сақтау басқармасы оны Шахтинск қаласындағы аурухананың бөлімі етпек болған екен. Бірақ онсыз да медициналық қызметтің сиқынан зәрезәп болған тұрғындар бөлімше болсақ тіпті қараң қаламыз деп отыр. Шахандықтармен бүгін қала әкімдері мен денсаулық сақтау басқармасының бастығы келіп кездесіп, ауыл адамдарының арынын басуға тырысты.

  • 17 Мамыр 2014
  • 361
Фото - Caravan.kz

Шахандықтар қырын кеткен іске қырсықса, қалың қолды лезде жинап алады. Өйткені бастан өткен кесапат көп. Бүгін де жүзге жуығы бас қосып басу айтуға тырысқандарды бет қаратпады. Аурухананы жапса, онсыз да ілініп салынып жүрген кәрі-құртаң қайдан шипа табамыз дейді. Өйткені, Шахтинсктен жедел жәрдем жетпей қинайды, болмаса 20 шақырым жердегі дәрігерге жету жұртқа мұң. Ал ауылдағы емханада мамандар тапшы.  

Қадыр Ермекбаев Шахан аулының тұрғыны:

— Барлығы ауру, кәрі. Жолды жөндесін. Жедел жәрдемге жаңа көлік берсін. Әйтпесе халық ауруханаға жетем дегенше жарты жолда өліп қалады.  

Ашуға мінген топты әкім-қаралар акт залына үгіттеп жүріп кіргізгесін, жөн айтты. Шын мәнісінде ауылдың емханасын қалалық аурухананың бөлімі ету, оны жабу деген сөз емес екен. Керісінше, мамандар тартылып, құрылғылармен жабдықтауға жол ашылмақ. Бірақ, бұқара бұл сөзге сенген жоқ. 

Светлана Ержұманова Шахан ауылының тұрғыны:

-Қиын кезеңдерде емхана, ондағы білікті дәрігерлердің арқасында өз күнін өзі көрді. Енді ес жинағанда құтыра бастадыңдар. Жұқпалы аурулар бөлімін миллиондаған ақша салып жөндетіп алғасын, тарс жаба салды. Бұл не мазақ? Бұл не үнемдеу сонда?

Осыдан 4-5 жыл бұрын Шахандағы емханада перзентхана, балалар, хирургия, гинекология және жұқпалы аурулар бөлімдері қысқарып қалған. Сол кезде толқыған тұрғындарға шенеуніктер Шахтинскке барсаңдар шекелерің қызады деген. Алайда іс жүзінде олай болмай шыққанын бәрі біледі. Дегенмен бір қарағанда тұрғындарға оңтайлы көрінген жүйені атқамінерлерлердің айтқанына сенуден қалған халық әзірше тәжірибе жүзінде ғана енгізіп көруге келісімді әрең берді. Оның өзінде денсаулық сақтау басқармасы бастығы аптасына бір жұмыс күнін осы емханада өткізетін болып уағдаласты.


-Шахандағы басты проблеманың бірі адам саны. Кезінде 30 мыннан аса халық тұрған елді-мекенде қазір 8 мыңға жуық қана тұрғын қалған. Сондықтан оптимизация денсаулық сақтаумен қоса білім беру саласын да қамтыған. Осыған сәйкес, мұндағы 3 мектептің біреуі осы оқу жылының аяғынан соң жұмысын мүлде тоқтатпақ.