Қарағанды: Тасқын қиратқан үйлердің тұрғындары құрылысқа көңілдері толмай отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 519.51
  • 611.83
+21 °C
Алматы
2025 Жыл
4 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қарағанды: Тасқын қиратқан үйлердің тұрғындары құрылысқа көңілдері толмай отыр

Қарағанды: Тасқын қиратқан үйлердің тұрғындары құрылысқа көңілдері толмай отыр

Қарағанды облысында тасқын шайған үйлер құрылысының қарқынына көңілі толмаған тұрғындар наразылық білдіріп жатыр. Себебі осы жұмыс басталған 3 айдың ішінде жаңа баспанаға тек 8 отбасы ғана кірген. Әлі 400-ге тарта үй салынуы керек. Солардың алғашқысының іргетасы құйылғанда облыс әкімі бірінші қыркүйекте оқушылар сабақтарына жаңа баспанадан шығады деп нық сеніммен айтқан еді. Алайда мемлекет қаражаты кешеуілдегенде, құрылысшылардың қадамы кібіртіктеп қалған. 

  • 7 Тамыз 2015
  • 338
Фото - Caravan.kz

Мұстафин ауылындағы Людмила Ушакованың баспанасы алғашқыларының бірі болып сүріліп тастап, іргетасы да солай құйылған. Алайда адам бойы көтерілгесін, құрылыс жұмыстары кілт тоқтады. Мердігер мемлекеттен бөлуі тиіс қаражатты күтіп қалғанын айтыпты. Ал көрші елден келген құрлысшылар ішерге ас таппай, әркімге бір жалданып тентіреп кеткен екен.

Людмила Ушакова, Ғ. Мұстафин ауылының тұрғыны:

— Екі балам пәтер жалдап тұрады. Жолдасым екеуміз мына қорада күнелтіп жатырмыз. Көрші гаражда өзбек құрылысшылар тұрады. Жұмыс тоқтап қалды. Ақшалары жоқ. Бұлар да кім-көрінгеннің есігін сығалап жүр.

Ал құрылыс түгілі қадасы да қисық қағылған баспаналар бар мұнда. Осы мәселенің мәнін білмекке жергілікті әкімдік алдына жиналғандар, көштен қалатындарын естіген. Сөйтсе, құжаттарды тексеру барысында бұлардың осы ауылда басқа да баспанасы бары анықталыпты.

Қарлығаш Жакубекова, Ғ.Мұстафин ауылының тұрғыны:

— Бұл өз маңдай теріммен келген ақшаға сатып алынған баспана ғой. Қирады, құрыды. Менің қандай жазығым бар? Сендерге үй салып беру заңға қайшы болады деп қарап тұр. Шығынымды кім өтейді?

Жергілікті атқамінерлер үкімет қаулысы бойынша тіркелген басқа баспанасы барларға үй салуға болмайтынын айтады.

Руслан Нұрмұхамбетов, Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары:

— 15 тұрғынның тасқын талқандағаннан өзге де баспаналары бар екені анықталды. Бюджеттің ақшасын бұларға жұмсау қылмыс саналады. Бірақ облыс басшылығының шешімімен бұл отбасыларға баспана салуға қаражатты қордан алатын боламыз.  

Бірақ қоғамдық қор қаражатына осы ауылдағы қираған, құжаты жоқ 43 баспана салынады. Оған енді тағы 15 үй қосылып отыр. Ал бюджет қаражатына жүріп жатыр деген құрылыстың түрі мынау. Енді мұнда арнайы штаб құрылып, облыс басшылығы ертеңнен бастап қадағалауға келеміз депті.  Сондықтан мұнда шұғыл түрде орталық көше сыпырылып, жол жиектері әктеліп жатыр.

Ғ. Мұстафин атындағы ауылдағы құрылыс жағдайы осыдан бір ай бұрынғыдан өзгергені шамалы. Осы айдың ішінде мұнда тек 5 үй ғана салынып біткен. Сонда осы жұмыс басталған 3 айдың ішінде 13 үйдің құрылысы аяқталған болып тұр. Өйткені, мемлекеттен бөлінуі тиіс алғашқы транш 1 миллиард теңге маусым емес, шілде де емес, екі ай зарықтырып барып, тамызда ғана жетіп отыр. Енді қалған 167 үйдің құрлысын, жұрт күмәнмен қараса да, биліктегілер қыркүйектің соңына дейін аяқтаймыз дейді.