Қарлығаш Айдарбек: Латын әліпбиіне көшудегі негізгі мақсатымыз – ұлттық код, ұлттық мәдениетімізді, ана тілімізді сақтап қалу - kaz.caravan.kz
  • $ 441.58
  • 480
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
17 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қарлығаш Айдарбек: Латын әліпбиіне көшудегі негізгі мақсатымыз – ұлттық код, ұлттық мәдениетімізді, ана тілімізді сақтап қалу

Қарлығаш Айдарбек: Латын әліпбиіне көшудегі негізгі мақсатымыз – ұлттық код, ұлттық мәдениетімізді, ана тілімізді сақтап қалу

ҚР БҒМ ҒК Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы Қарлығаш Айдарбек латын әліпбиіне көшу туралы және терминология жайлы егжей-тегжейлі айтып берді.

  • 21 Қазан 2022
  • 60
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

— Латын әліпбиі туралы. Ол бізге қазір керек пе? Ол жайлы әңгіме қазір азайып кеткен жоқ па?

Латын әліпбиіне көшудегі негізгі мақсатымыз – ұлттық код, ұлттық мәдениетімізді, ана тілімізді сақтап қалу және тілдік санамызды орыс тілінің үстемдігінен, ықпалынан босату т.б. деп түсінетін болсақ, онда ұлттық терминологиямыздың, шын мәнінде жаңғыруы үшін, ең алдымен, әліпбидің Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ бекітілуі қажет.

Екіншіден, қазақ терминжасамының ғылыми қағидаттары (А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, Ә.Қайдар, Ө.Айтбайұлы, Ш.Құрманбайұлы) басшылыққа алынуы тиіс. Олар: 1. Ұлттық терминқорды қалыптастырудың ішкі көзі – қазақ тілінің лексикалық байлығы мен сөзжасам тәсілдерін барынша ұтымды пайдалану; 2. Қазақтың өз тілінен баламасы табылмаған терминдерді басқа түркі халықтарының сөздік қорынан іздеу; 3. Орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген терминдік атауларды, мүмкіндігінше, қазақшаға аударып қолдану, аударуға келмейтіндерін қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне сәйкестендіре, бейімдеп, үйлестіре қабылдау. Яғни, өзге тілдерден терминдерді қабылдауда делдал тілдің (орыс тілі) «көмегінсіз» тікелей түпнұсқа тілден алу; қазақ тілінің терминжасам элементтерін мағынасына қарай барынша тиімді пайдалану; қазақ тілінің терминжасам элементтерінің әлеуеті жетпеген жағдайда терминдерді түпнұсқа тілдің транскрипциясына (орфоэпиясына) орай, латын графикасында таңбалау; түпнұсқа тілдің транскрипциясы (орфоэпиясы) негізінде латын графикасында таңбалау барысында өзге тілдерден енген терминдерді қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктері мен үндестік заңына сәйкес етіп алу.

Үшіншіден, терминологияны жүйелі түрде стандарттаумен (түгендеу, реттеу, біріздендіру) айналысып отыратын, Кеңес Одағы кезінде болған КНТТ (Комитет научно-технической терминологии / ҒТТК) сияқты құрылым (орталық немесе институт) болуы қажет. Ол терминологиялық нұсқаулықтар, жинақтар, терминологияға қатысты, лингвистикалық тұрғыдан заңдастырылған түрлі басылымдарды шығарып отыратын болады. Міне, осындай жағдайда ғана біз ұлттық терминологиямыздың жаңғыруы жайында сөз қозғай аламыз.

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде «шаптырма», «сары қисық/қисық сары», «қылтима», «жерт…қ» (баклажан), «аспант…қ» (банан) секілді сөздер жиі талқыланып жатыр. Сіз де естіген шығарсыз. Неліктен осындай сөздер белең алып кетті? Маман ретінде не дейсіз?

— Еліміздің егемендігімен бірге, ұлт тілі мәселесі қатар көтерілді: тіл тағдыры үшін құрылған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мәртебесі биік болып, «тіл майданының» басты үгіт-насихат ұрандары – «Мемлекеттік тілде сөйлеу – азаматтық парызымыз», «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек» т.б. сипатында болды. Бұл, көп ұзамай, өз жемісін де берді… Терминжасамда жаппай баламалау, аудармашылық науқаны басталып, оның ішінде сәтті, ұтымды (жолсерік, жағажай, саяжай, жүлдегер, көкөніс, қондырғы т.б.) нәтижелер де, сонымен қатар олқылықтар да орын ала бастады: қауындопшы (регбист), салмадопшы (баскетболист), қақпадопшы (волейболист) т.б. Сол себепті, жүйелі терминдердің жалпықолданыстық, кәсіби лексикалық атаулардан ең маңызды, басты өзгешелігі – бейтараптығы. Терминде эмоционалдық реңк (сема) пайда болған жағдайда, ол терминологиялық жүйеден тыс қалып, пассив, жалпы сөздік қордан немесе кодификацияланбаған кәсіби сөйлеу жүйесінен орын алады. Сондықтан неологиялық терминжасам сипатын айқындауда кез келген инновацияның, жаңа атаудың термин бола бермейтіндігіне ерекше мән беру қажет.

Жалпы, менің ойым: «шаптырма» (қызметіне қарай), «сары қисық/қисық сары» (пішініне қарай), «қылтима» («қылтыйып» сөзінің эмоционалдық-экспрессивтік реңкін ескермеу) т.б. атаулар – тіл ұстанушының қарапайым лингвистикалық (терминологияға қатысты) білімінің жетіспеушілігі салдарынан туындаған. Ал «жерт…қ», «аспант…қ» секілді тұрпайы сипаттағы жасанды сөздер – терминжасамның ұлт тілі негізінде жүргізілуіне, «халықаралық терминдердің» қазақ тіліндегі баламасына, аударылуына «тілдік вандализм» түрінде жасалған қарсы «шабуыл». Өйткені, мысалы, Солтүстік өңірде өмір сүретін кейбір этностардың тілінде қар, мұз, суықты (түріне қатысты) белгілейтін оннан астам атаулар бар екен. Ал Тынық мұхит аралдарының бірін мекендейтін тайпа тілінде банан түрлеріне қатысты 100-ден астам атау бар және керісінше, кейбір үндіс тайпаларында (индейцы) ұшатын заттардың барлығын (құстан басқасын) бір сөзбен ғана атайды. Осы секілді Африкалық суахили тайпасының тілінде пойызды да, арбаны да, велосипедті де, баланың қоларбасын /коляска/ да, күйме, жабық арбаны да бір-ақ сөзбен атайды екен.


Демек, бір халық үшін өзекті саналатын ұғым басқа халық өкілдері үшін соншалықты маңызды бола бермейді, тіпті таныс емес (мүлдем таныс емес) деуге болады. Яғни бір тіл иелері үшін өзекті дүниенің, басқа тілді ұстанушылар үшін ешқандай маңызы жоқ. Сондықтан бүкіл кірме терминдер мен сөздердің жаппай қазақшалануы шарт емес.

— Латын қарпіне қай уақыттан бастап толықтай көшуіміз керек?

— Жоғарыда айтып өткенімдей, латын әліпбиіне көшудегі негізгі мақсатымыз – ұлттық код, ұлттық мәдениетімізді, ана тілімізді сақтап қалу. Сондықтан да тез арада латын қарпіне көшуді бастап кетуіміз керек. Оның үстіне, қазір кейбір адамдардың арқасында тіліміз одан да құрметтеліп жатыр сондықтан да бұл латын бізге қазақтар үшін, қазақстандықтар үшін ауадай қажет. Жалпы, бұл сұраққа алғашқы сұрағыңызда егжей-тегжей жауап берген секілдімін.

— Есіңізде болар, «процесс – үдеріс», «архив – мұрағат», «гимн – әнұран», «герб – елтаңба» және т.б. сияқты көптеген терминдердің «халықаралық» деп танылған нұсқалары Терминологиялық комиссияның отырысында қайта бекітілген еді. Сонда көпшілік кеңінен қолданып жүрген, қалыптасқан «үдеріс», «мұрағат, «әнұран», «елтаңба» сияқты терминдерді ресми қолданыстан шығаруға бағытталған осы әрекет туралы пікіріңіз қандай?

Бұл құбылыс – терминология саласында кірме сөздер үдерісі жүріп жатқанының және оны саналы түрде реттеу қажеттілігінің дәлелі. Осы тұрғыда, мынадай дерекке мән беру қажет: шет тілдік, терминологиялық кірме сөздер нақты бір саланың қалыптасу кезеңін айқындап, кейін сол тілдің төл нұсқаларымен жарыспалы түрде қатар қолданыла келе, табиғи бәсекелестікке түсіп, көп жағдайда өз тілінде жасалған терминдерге жол береді. Мысалы: процент→пайыз→процент; рынок→нарық→рынок деген нұсқалар қайтадан алынсын дегенімен, қазіргі таңда, мейлі ол ресми тілде болсын, ауызекі сөйлеуде болсын, егер узусқа бір рет өз тілінде жасалған термин түскен болса, халық әрқашан соған басымдық береді, яки қолданыста, кірме терминмен салыстырғанда, төл сөзден жасалған терминнің салмағы басым болады.

Соңғы жаңалықтар