Қарулы күштерді жайлаған жемқорлыққа алаңдаған Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министріне мін тақпайтынын айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
7 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қарулы күштерді жайлаған жемқорлыққа алаңдаған Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министріне мін тақпайтынын айтты

Қарулы күштерді жайлаған жемқорлыққа алаңдаған Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министріне мін тақпайтынын айтты

Нұрсұлтан Назарбаев  Қорғаныс министрлігін жайлаған жемқорлықты сынады. Президент әсіресе,  бірінен соң бірі пара алып ұсталып жатқан генералдардың  әрекеті Қарулы күштердің атына кір келтіріп жатқанын мәлімдеді. Сондықтан  әскерді  "ары таза емес" адамдардан шұғыл тазартуды талап етті. Өйткені парақорлық тиылмаса, ол  ұлттық қауіпсіздігімізге үлкен қатер төндіруі мүмкін.

  • 7 Наурыз 2014
  • 292
Фото - Caravan.kz

-Бүгін Мәскеуден оралған Елбасы, Қорғаныс министрлігінде шұғыл кеңес өткізді. Себебі әлемдегі ушыққан жағдай, әскери жоспарға өзгеріс енгізуде талап етіп отыр. Оның үстіне соңғы уақытта бұл ведомства жемқорлық дауынан арылмай қойды.

Қарулы күштердің генералдары Жоғарғы бас қолбасшыға ерекше құрмет көрсетті. Кездесудің «жаймашуақ» өтпейтінін жиналғандар сезіп отыр. Солай болды да. Нұрсұлтан Назарбаев, алдымен Қорғаныс министрлігіндегі жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты қатал сынға алды. Тіпті дендеп кеткен парақорлық тиылмаса, бұл ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіреді деді президент. Бірақ, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековке ешқандай мін тақпайтынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

— Министрге ешқандай ескертуім жоқ. Оның қазіргі орынбасарларына мін таға алмаймын. Қарулы Күштердің басшылығына толық сенемін. Министрге де.

Нұрсұлтан Назарбаев, генералдан бастап, сарбазға дейін антына берік, әрі "ары таза" болуы керектігін қадап айтты. Ал қарулы күштерден мемлекет ақша аяп жатқан жоқ. Соңғы 3 жылда, армияға  1 триллион теңге бөлінген. Осы мол қаржыға қол салғандарды Елбасы қатал жазалауды талап етті. Өйткені, елдің тыныштығын күзету басты орында тұруы керек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті :


-Жан –жағында анталап отырған жаудың ортасында отырған Израиль. 5 млн халқы бар мемлекет. Ал қандай қарулы күштері бар. Қараңдар. Бір қалада отырған Сингапурдың да қарулы күштері кем емес. Ал біздің олардан қай жеріміз кем? Жағдайымыз да, мүмкіндігіміз де бар. Сондықтан сендердің мойындарыңа жүктелген міндет өте үлкен деп есептеймін.

Жиында, кадр тапшылығы мәселесі де айтылмай қалған жоқ. Сондықтан әскерилерді 45 жаста зейнеткерлікке шығармай, әрі қарай отанына қызмет қылуға рұқсат беретін жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін.  Нұрсұлтан Назарбаев  әлемдегі ахуалды ескере отыра, жоспардан  тыс әскери жаттығуларды жиі өткізуді тапсырды. Ал  нәтижесі жоқ, реформаға жиі әуестенбеу қажеттігін де, ескертті.

— Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысынан пәрмен алған Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков  енді өз қатарын жемқорлардан шұғыл тазартуы керек. Айта кетсек, бұған дейін бірі   пара алып, ал екіншісі бюджет ақшасын ұрлаған қос генерал  Алмас Әсенов пен Асқар Бөлдешов  ұзақ мерзімге сотталды.  Бұл шу басылмай жатып, жақында Қорғаныс вице-министрі Бағдат Майкеев тұтқындалған болатын.2 миллион доллар "пара алды" деген күдікпен. Енді президенттің  сынынан соң ведомствадағы былыққа тоқтам салынуы тиіс.