Осылайша халық қалаулылары банк алдындағы қарыздарын сызып тастауды сұрап жылына бірнеше мәрте наразылық шарасын өткізетін үлескерлердің мәселесін біржола шешуге құлшыныс танытып отыр. Егер банкрот туралы заң қабылданса, онда екінші деңгейлі банктер несие беру жүйесін қайта қарауы қажет. Сондай-ақ, құжат жоқ-жітік шаңырақтардың жалғыз баспаналарын тартып алған жағдайда оларды жатақханамен қамту жағын да қарастырмақ. Алайда, бұл ұсынысты Үкімет бекітпеуі мүмкін. Өйткені тұрғындар кірісі мен шығысы жайлы мемлекетке есеп беріп отыруы тиіс. Сондықтан жеке тұлғаларды банкрот деп тану заңға қайшы екен. Ал жаппай декларациялау тек 3 жылдан соң енгізілмекші. Бірақ Үкімет өз азаматтарын далада қалдырмауы тиіс дейді депутаттар.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
-Үлескер шамасын байқамай банк алдындағы берешегін өтей алмаса, оларды мемлекет қамқорлыққа алып демеуі керек. Әйтпесе, шиеттей бала-шағасымен қалай өмір сүреді? Мұны ешкім ойлап жатқан жоқ. Далаға қуып шығып қаңғыбастардың қатарына қосып жатыр.