3 жасар Темірланға қарап, оның ауыр дертке шалдыққанын аңғармайсың. Алайда бүлдіршіннің денесін 4 бірдей қауіпті ауру дендепті. Миы, жүрегі мен өкпесінен ақау табылған. Соның кесірінен бала далаға шығудан қалды. Себебі, кез-келген уақытта есінен танып, көз жұмуы мүмкін.
Ерлан Бекбосынов, Темірланның әкесі:
-Ойнап жүріп құлайды. Қарап тұрғанның өзінде шалқалақтап құлап кетеді. Көтеріп-сүйреп, жүгіріп, алып келеміз. Өзіміздің дәріміз бар. Соны жіберіп құтқарып қаламыз.
Ата-анасы баланың осылайша ауыруына нәресте шағында алған екпе әсер етті ме дейді. Алайда дәрігерлер оны жоққа шығарған. Ғылыми тілде бала Маклеод синдромына душар болыпты. Дәрігерлер жазған қорап-қорап дәрі бүгінге дейін еш пайда жоқ. Керісінше, бүлдіршін сөйлей алмай, тіпті, есте сақтау қабілетінен ада болып барады.
Әсия Оразалина, Темірланның анасы:
-Халқым ойланып, қол ұшын берер деп ойлаймын. Күні-түні ұйқы жоқ. Мен өзім далаға шығудан қалдым. Үйдің ішінде айналып жүре береміз.
Отандық дәрігерлерден нәтиже болмаған соң, амалы таусылған ата-ана шетелден шипа іздепті. Израиль мамандары көмек беруге әзір. Алайда олар тек ауруды толыққанды анықтау үшін ғана 50 мың доллар сұраған. Қарапайым отбасының мұндай қаржыны қалтасы көтермегендіктен, жұрттан көмек сұрауға мәжбүр.
Отбасының байланыс телефоны: 8-775-551-17-47, 8-775-898-42-59