Елуді еңсерген Жаңыл Құрамаеваның онкологиялық орталықта жатқанына оныншы күн. Бүгінге дейін дәрігердің алдын көрмеген ол соңғы кездері сырқаты жанына батқан соң тексерістен өтіпті. Нәтижесі – аурухана төсегі.
Жаңыл Құрамаева, емделуші:
—Енді бұндай ауруға алдын ала емделіп қаралмасаңыз, жақсы емес, Оған өзің үшін келу керек. Мен сол үшін келдім, қазір жаман емес. Операция сәтті шықты.
Бірақ обыр десе ойбайын сала жөнелетіндер азаяр емес. Тіпті, өз-өзіне үкім шығарып, өлімге мойынұсынатындар да бар. Дәрігерлер осындай ойдан аулақ болуға кезекті рет үндеуде. Ауру асқынбай тұрып емделуге мүмкіндік мол. Ол үшін мұрыннан қан кеткенде емес, сау кезіңде дәрігерге көрініп тұру қажет.
Нұрлан Балтаев, Онкологиялық орталық бас дәрігерінің орынбасары
-Қазіргі күні арнайы технологиялар бар, жаңа әдістер бар, сондықтан обырды ерте кезеңде анықтасақ, оның 90 пайызын едеуге мүмкіншілік бар. Сондықтан осыған орай, айта кететінім, профилактикалық тексерістен өтуден қорықпау керек.
Дәрігерлермен қатар, обырға қарсы күрес жүргізіп отырған қоғамдық ұйымдар да бар елімізде. Өкінішке орай, қатерлі дертке қарсы жан-жақты күрес жүргізіліп жатса да, оң нәтижеге қол жетті деу қиын. Себебі, қазақстандықтардың басым бөлігі ақысыз түрде жүргізілетін тексерулерден өтуге күштесеңде аттап баспайтын көрінеді.
Гүлнара Кунирова, «Қатерлі ісікпен бірге күресейік» қоғамдық қорының жетекшісі:
-Барлық азаматтарды ақысыз скринингтерден өтуге шақырамыз. Одан қорудың қажеті жоқ, тексеруден өту деген сөз тәніңді ауырту деген сөз емес. Бәлкім, өз өміріңізді сақтап қаларсыз.
Ғалымдар бұл дерттің адам психологиясына тікелей қатысы бар екенін алға тартып отыр. Яғни, обырмен бетпе-бет келгіңіз келмесе, айналадағы адамдарға кек сақтамай, өзіңізден тек жағымды энергия шығаруыңыз керек. Олай болмаса, қауіпті дерттің құрығына түсуіңіз мүмкін. Ал, ең дұрысы, уақытылы тексерістен өтіп, аурудың алдын алғаныңыз.