Онсызда тепкен доптары түзу ұшпайтын отандық аяқдопшылардың тәртібі енді майшаммен қаралмақ. Өйткені Халықаралық футбол қауымдастығы Қазақстан чемпионатын «жасыл алаңдағы тартыстары жемқорлыққа белшеден батқан» елдердің қатарына қосқан. Нақтыласақ, бізде әр үшінші аяқдопшы алдын-ала ақшасы төленіп кімнің ұтары белгіленіп қойған ойындарға қатысады деп жазыпты. Жоқ деуге дәрмені болмаған біздің Футбол Федерациясы үнсіз ғана Қаржы полициясына жүгініп отыр. Келісілген ойындарға қарсы өз әлдері келмесе керек.
Михаил Гурман, Кәсіпқой футбол лигасының төрағасы:
-Ойынды қарап отырғанда бұл келісілген матч па, жоқ па оны нақты айту мүмкін емес. Дәлелдеудің басқа жолдары бар. Сол үшін Қаржы полициясымен меморандум жасалды. Енді келісілген матчтарды алаңға шықпай тұрып әшкерелейміз. Бізде заңсыз ойындармен айналысып жүрген ойыншылар, төрешілер және клуб президенттерінің қара тізімі бар.
Дегенмен сол тізімді федерация басшыларының атағысы жоқ. Біз айтсақ, 2012 жылы Тараз бен Тобыл клубтары кездесіп, жамбылдықтар жеңген болатын. Дегенмен қостанайлықтар төрешінің тірлігін түгел тінтіп айыбын айғақтаған-ды. Артынша Сергей Пасько футболдан мәңгілік аластатылған. Алайда жоғарыдағы төрелердің бірінің де мұртын балта шаппаған болатын.
Гений Төлегенов, футбол шолушысы:
-Тараз бен Тобылдағы шуға облыс әкімдернің, Қазақстан Футбол Федерациясы басшыларының қатысы бар. Сол күні өтірік төрелік еткендерге 150 мың доллар төленуі керек еді. Бірақ ешкім жазаланбады. Ал әлгі меморандум ФИФА-ға жағу үшін болса, бос нәрсе. Егер шын жұмыс жасаса талай мықтының басы кетейін деп тұр.
-Федерация мен қаржы полициясы осылайша мәмілеге келіп, меморандумға қол қойды. Қазір біріккен қызметтің барысын, аяқ алысын бірізге қою жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Сиырқұйымшақтанып кетіп тағы бір аяқдоп маусымы аяқталып қалмаса болды. Дегенмен келісім алдымен матчтарды сатып алуға дағдыланған клуб қожайындарының бетін ашады деген үміт бар. Алдымен екі азаматтықты арқалап жүрген шетелдік легионерлерді тезге салу керек деді білетіндер.