Қазақ күресінен өтетін «Қазақстан барысы» атты ақтық сайысқа еліміздің барша өңірінен 64 балуан қатысады - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақ күресінен өтетін «Қазақстан барысы» атты ақтық сайысқа еліміздің барша өңірінен 64 балуан қатысады

Қазақ күресінен өтетін «Қазақстан барысы» атты ақтық сайысқа еліміздің барша өңірінен 64 балуан қатысады

Астанада қазақ күресінен алғаш рет өтетін «Қазақстан барысы» атты ақтық сайысқа еліміздің барша өңірінен 64 балуан қатысады. Бұл туралы бүгін елордада аталған спорттық шараға байланысты өткен баспасөз мәсихатында мәлім болды.

  • 26 Шiлде 2011
  • 496
Фото - Caravan.kz

«20 тамызда бұл тартысты дода Астанадағы сыйымдылығы 4 мың адамды құрайтын «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Балуандар күресінің тікелей көрсетілімін «Еуразия-бірінші каналы» қамтамасыз етеді. Бұл әлеуметтік жоба, яғни оған барлығы қатысуға мүмкіндік алды»,-деді «КТК» телеарнасының Бас директоры Арман Шораев.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовтың айтуынша, аталған жоба аясында еліміздің барлық облыстары аумағында және Астана мен Алматы қалаларында іріктеу сайыстары өтті. Соның нәтижесінде жеңімпаз 64 балуан ақтық сайысқа жолдама алды. «Бұл тұрғыда ең бастысы-біз осы балуандардың арасынан «Қазақстан барысын» анықтайтын боламыз. Өз кезегінде осы шара қазақ күресін насихаттауға молынан ықпал етеді»,-деді комитет басшысы.

Өз кезегінде Қазақстан қазақ күресі федерациясының президенті Серік Түкиев осы жоба аясында еліміздің түпкір-түпкірінен білекті деген 74 келі салмақтан жоғары балуандар қатысқанын, соның нәтижесінде әр облыстан 4 балуан іріктелініп алынғанын жеткізді. «Осы жарысымыз әділ өтеді деп сенеміз. Себебі, бұл ұлттық күресіміздің дамуына себепші болмақ»,-деді ол.

20 тамыздағы 64 балуанның белдесуі «Күш атасын танымас» қағидасы бойынша өтеді, яғни салмаққа шек қойылмайды. Бас жүлдегер Алтын белбеу мен 150 мың АҚШ долларын иеленеді. Ал оның жаттықтырушысына 50 мың доллар табыс етіледі. Екінші орынды жеңіп алған балуанға 30 мың доллар беріледі (жаттықтырушысына 10 мың доллар). Сондай-ақ үшінші орынға табан тіреген балуанға 10 мың долларға қол жеткізеді (жаттықтырушысына 5 мың АҚШ доллары).

Атап айтқанда, жүлде қорындағы 200 мыңнан астам АҚШ долларын Қызылорда облысының әкімдігі, бизнес өкілдер бәйгеге тігіп отыр.

Сонымен қатар бұл жоба бойынша бекітілген талаптың бірі — 64 балуанның әрқайсысы өзімен бірге түлкінің немесе қасқырдың терісін кілемге алып шығуы тиіс. Жеңімпаз балуан қарсыласы алып келген теріні иеленіп отырады. Нәтижесінде, қарсыластарын тізе бүктірген балуан аталған терілер мен 150 АҚШ долларын қанжығасына байлайды.

Соңғы жаңалықтар