Жарияланды: 380

Қазақ пен қырғыз арасында енді кедендік кедергі жоқ

Бұдан былай қазақ пен қырғыз арасында  кедендік кедергі болмайды. Бүгін екі елдің президенттері сегіз бірдей бақылау бекетін ресми түрде алып тастады. Яғни енді барыс-келіс пен алыс-беріс бұрынғыдан да нығаяды деген сөз. Бұл әсіресе, туристер мен кәсіпкерлерге тиімді болмақ. Тараптар мұндай еркіндікке Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақтың төртінші мүшесі болып қабылданғаннан кейін қол жеткізіп отыр. Тарихи шараның  басы-қасында

жүрген Нұрсұлтан Назарбаев бұл күнді көптен күткен мерекеге теңеді. Тіпті қырғыз басшысының  бұл жетістігіне жоғары баға берді. Ағасынан мақтау естіген  Атамбаевта арман жоқ,  Назарбаевты қайта-қайта құшақтап, дән риза.

Бүгіннен бастап Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында тұрған кеденшілер түгел жұмыссыз қалды. Оларды екі елдің президенттері мен үкімет басшылары арнайы келіп қызметтен босатты. Сөйтіп, Қордайдағы  сегіз бірдей бақылау бекетіндегі темір тосқауылдар  ресми түрде алынып тасталды.

Екі елдің арасы Қырғызстан  Еуразиялық экономикалық одақтың бесінші мүшесі болып қабылдануына байланысты бұрынғыдан да  жақындап отыр.  Одақтың талабы бойынша, оған мүше мемлекеттердің арасын тек шекарашылар ғана күзетеді. Енді қырғыз азаматтары қазақ жеріне өткенде көші-қон карточкасын толтырмайды, жүк тасымалы да бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл болады. Тексеру азайған соң шекарадағы ұзын-сонар кезек те қысқарады. Қазірдің өзінде 1 миллиард доллардан асқан сауда-саттық еселенбек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан мен Қырғызстан сауда-саттық жөнінен де ең жоғары дәрежеде тұрған ел. Қазірдің өзінде Қазақстаннан келген инвестиция Қырғызстанға 1,5 млрд.доллар жетті. 50 біріккен мекеме жұмыс істейді. Ферросплавный завод салуға қазір әрекет жасап жатырмыз екі жақтан.

Астана мен Бішкек болашақта электр қуаты, су жүйесі, өнеркәсіп және туризмді бірігіп дамытамыз деп келісті. Ыстықкөлге ынтық туристерге де барлық жағдай жасалатын болды. Ол үшін жуырда Алматы мен Ыстықкөл арасынан жаңадан қысқа жол салынбақ. Нұрсұлтан Назарбаев осындай жетістікке жеткен қырғыз басшысының жұмысын жоғары бағалады. Ал ағасынан мақтау естіген  Атамбаев дән риза, «арамыз ажырамайды» деп ағынан жарылды.

Алмазбек Атамбаев, Қырғыз Республикасының Президенті:

- Орта Азияда, түркі елдерінің арасындағы ең жақын екі ел бар. Бұл - қырғыз бен қазақ. Ешқашан екеуін бөлген бөгеттер болмасын. Бүгін келіп, осындай ашылуға қатысқаны үшін Нұрсұлтан  Әбішұлына рахмет айтқым келеді.

Кейін екі елдің президенттері жеке кездесіп, тараптар Еуразиялық экономикалық одақ  аясындағы жоспарларымен бөлісті. Және  инвестиция тарту, өнеркәсіп, құрылыс,  туризм саласындағы мәселелерді талқылады. Ал отандық сарапшылар екі ел арасындағы етене жақындықты өздерінше болжауда. Экономистердің айтуынша, енді ішкі нарықты қырғыздың арзан ауыл шаруашылығы өнімдері мен киім-кешегі жаулап алады. Ал туристер Алакөлге емес, Ыстықкөлге ағылады.

Жангелді Шымшықов, экономика ғылымдарының кандидаты:

- Киім-кешек жағына келетін болсақ, біздің базарларымыздың бәріндегі киім-кешек сол қырғызстанның базарларынан, терминалдарынан алынған. Ол да бізге жеңілдейді.Айналып келген кезде өзіміздің жаңа көтеріліп келе жатқан тігін, жеңіл өнеркәсіпке қиындық тудыруы мүмкін.

Енді біздің бизнесмендерге қырғыздың арзан тауарының көлеңкесінде қалып қоймау үшін өздерін  қамшылауға тура келеді. Ал Қырғызстаннан арзан көлік қаптайды деп алаңдауға негіз жоқ дейді сарапшылар. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болғандықтан енді біз де шет елдерден еш қиындықсыз темір тұлпар тасмалдай  аламыз. Әзірге мұның бәрі болжам. Бір туған елдердің бүгіннен кейінгі қарым-қатынасының нәтижесін  уақыт көрсетеді. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін