Компанияның баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, биылғы жылдың 3 ақпанында Жезғазған қаласында «Корпорация «Қазақмыс» ЖШС әкімшілігі мен «Жезқазғанцветмет» қызметкерлері өкілдерінің арнайы комиссиясының отырысында жұмысшылардың қойған талаптарының орындалатыны жөнінде хаттамаға қол қойылды.
«Сөйтіп Оңтүстік-Жезғазған, Батыс-Жезғазған, Степной, Анненский руднигтері мен №73/75 Шығыс-Жезқазған шахтасының кеншілер ұжымының өкілдері мен «Қазақмыс» Корпорация ЖШС және «Жезказганцветмет» ПО басшылары арасында еңбек дауы толық шешілді», — деп хабарлайды баспасөз қызметі.
«Қазақмыс» корпорациясының ақпараты бойынша, комиссия отырысында ЖШС «Қазақмыс» корпорациясы басқармасының төрағасы Эдуард Огай және «Жезқазғанцветмет» өндірістік білестігі қызметкерлерінің өкілдері жұмысшылардың еңбек ақысын көтеру жөнінде келісімге келді. Мәселен, ауыр жұмысты атқаратын 1 разрядты жұмысшының тарифтік ставкасы 55000 теңге мөлшерінде белгіленді.
Қол қойылған хаттамаға сәйкес, тосын оқиғада жұмыс беруші кінәсінен жұмысшы қаза тапса, онда ол үшін 10 жылдың еңбек ақы мөлшерінде төлем төленеді.
Ал еңбек етіп жүріп зардап шегіп I, II топтағы мүгедектікке ұшыраған жағдайда, жұмысшыға 5 жылдық еңбек ақы көлемінде төлем беріледі. Ал егер жұмысшы 3 топтағы мүгедектікке тап болса, онда оған 2 жылдық еңбек ақы көлемінде ақша төленеді.
Сонымен қатар, хаттамада көрсетілгеніндей, еңбекке уақытша жарамсыз болып, ауыр әрі қауіпті жағдайда еңбек жасайтын жұмысшыларға жұмыс беруші тарапынан 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем беріледі.
Хаттамаға сәйкес, жұмыс уақыты 7,12 сағаттан аспайды және тау-кен кәсіпорындары үшін еңбек режимі заң бойынша бекітілген кесте және адамның мүмкіндіктері ескеріле отырып басшылармен бекітілді. Ал жұмыс беруші кінәсінен жұмыс істелмеген уақыт үшін жұмысшыға орташа еңбек ақысының 50 % төмен емес мөлшерінде ақша төленеді.
Компанияның ақпараты бойынша, хаттамаға рудник қызметкерлерінің 30 өкілі қол қойған. Құжатта көрсетілгеніндей, болашақта олар барлық туындаған мәселелерді келіссөздер арқылы шешіп, заңсыз ереуілдер мен наразылық шараларын өткізбейтіндіктері жөнінде міндеттеме алған.
Бұдан бұрын хабарлағанындай, 21 қаңтарда кеншілер әкімдік пен корпорация жетекшілеріне 13 талаптан тұратын өтініштері орындалмайтын болса, ереуілге шығатындары жөнінде арыз тапсырған болатын. Онда бірінші кезекте, кеншілердің еңбек ақысын көтеру, еңбек жағдайын жақсарту, еңбекке жарамсыз болып қалған анықтама қағаздарына 100 пайыз төлем беру және ауысым жұмысын өзгерту жөнінде мәселелер қойылды.
Ал «Қазақмыс» корпорациясы 23 қаңтарда өз кезегінде агенттіктің атына «Қазақмыс» корпорациясы жетекшілеріне Жезқазған аймағының кеншілері атынан ешқандай үндеу мен арыз жіберілмегенін алға тартып, оны хат түрінде жоққа шығарды. Сонымен қатар, олардың хатында «кеншілердің ереуіл жасайтыны жөнінде ешқандай дәлел жоқ» деп айтылған болатын.
Сәтпаев қаласының әкімдігі де «Қазақмыс» корпорациясының №65 шахта кеншілерінен арыз түскенін жоққа шығарған.
«Оңтүстік», «Батыс» және «Шығыс» рудниктерінің кеншілері 2 ақпанда наразылық акциясын ұйымдастырып, түнгі ауысымдағы жұмысшылар күндіз шахтадан көтерілмеді.
Ал 3 ақпанда кешкі сағат 22-00- де «Қазақмыс» корпорациясы басшылары және кәсіподақ арасында кеншілердің қойған талаптарының орындалатыны жөнінде келісімге қол қойылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті