Жарияланды: 340

Қазақстан аймақтарын аралап жүрген Венгрия Елшісі Батыс Қазақстан облысына ат басын тіреді

30 қазан күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев БҚО-ға жұмыс сапарымен келген Венгрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Имре Ласлоцкиді қабылдады.

Елшінің айтуынша, ол осылайша Қазақстанның барлық аймағын аралап шықпақшы. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысының орны ерекше. «Облыс әкімі мені өте жылы қабылдады. Біз біраз мәселе туралы әңгіме өрбіттік. Әкім қай саланы да жақсы білетін адам екен, кейбір ойларымыз бір жерден шықты. Енді Венгрия мен Батыс Қазақстан облысы арасындағы қарым-қатынас одан әрі дамитын болады. Екі елдің арасындағы саяси ахуал өте тамаша, себебі екі елдің тарихи тамыры ортақ екені белгілі. Ал экономика саласында әлі де атқарылар жұмыстар бар. Қазақстан - мүмкіндігі мол және танылуға ұмтылған жас мемлекет. Біз екі елдің бар мүмкіндіктерін әлі де толық пайдалана алмай келеміз деп есептеймін. Менің міндеттерімнің бірі - өз елімнің кәсіпкерлеріне осы мүмкіндіктерді түсіндіру және қазақстандық кәсіпкерлерді Венгриямен жұмыс істеуге тарту. Венгрияда да қаржы салуға лайық жобалар бар, кішкентай ел болса да, тауар айналымы жөнінен ұялмауға болады. Екі елдің арасындағы қарым-қатынастың жандана түскенінің бір айғағы - Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласында екі жобамыз жүзеге аспақ. Сондай-ақ Батыс Қазақстанда Чапаев ауылы тұсында Жайық өзеніне салынатын көпір құрылысына Венгрияның жаңа технологиясы пайдаланылмақшы. Нұрлан Асқарұлы 2013 жылы мамыр айында Оралда бизнес форум өтетінін айтты, мен өз елімнің кәсіпкерлерінің осы жиынға қатысуына атсалысамын», - деді Елші.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін