Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолғы тосын мәлімдемесін қазағы көп Батыста жасады. Атырауға барған сапарында президент күтпеген жерден мемлекет атауын өзгертейік деп ұсыныс айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
Бізде де, Қазақстан, оларда да «стан». Ауғанстан Пәкістан. Мына Моңғолияға шетелдіктер көп көңіл бөледі. 2 млн халқы бар ештеңесі жоқ. Себебі ол «стан» емес, Моңғолия. Содан кейін менің ойлап отырғаным, біз осы мемлекетіміздің атын «Қазақ елі» деп өзгерту керек шығар деп ойлаймын. Болашақта. Ел мен жұртпен ақылдасу керек.
Назарбаевтың бастамасы әлеуметтік желілерде №1 тақырыпқа айналып қызу пікірталастың көрігін қыздырды. Тіпті «Қазақ елі» деген атауды қолдағандар ғаламторда қол жинауға кірісті. Оны Ақордаға жолдап бұл мәселемен нақты айналысатын мемлекеттік коммиссияның құрылуын сұрамақ. Ол Қазақстан атауы ауысқан жағдайда, оның қолданылуын, дұрыс жазылуын тәптіштеп заңмен бекітіп беруі тиіс.
Оразкүл Асанғазы, Мәжіліс депутаты:
— Шетелге барсаң , Қазақстан десең Ауғанстан, Пәкістан ба деп солай айтады. Стан деген аттар көп. Ал енді қазақ деген айтуға да, өте жүрегімізге жақын, ешқандай боямасыз жалғаусыз, жұрнақсыз, сондықтан мен «Қазақ ел»і болғанын қалаймын.
Мемлекет атауын «Алаш орда», «Қазақ ордасы» «Қазақия» «Дешті Қыпшақ» деп атайық дегендер де табылып жатыр. Бірақ көпшілік «Қазақ Республикасы» болғанын қалап отыр.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
-Кеңес заманында біздің мемлекет «Қазақ Республикасы» деп аталған. Содан Қазақстан деген атау шықты. Содан шатасулар пайда болды.
Қысқасы пікір қақ жарылып тұр. Әсіресе, қазаққа қатысты бастамаларға қырын қарайтын орыс тілді орта әдеттегідей тулап жатыр. Олардың ойынша, мемлекет атауын өзгерту, құжат ауыстыру қып-қызыл шығын екен. Бірақ Мұрат Әбенов оның бәрін «бос сөз» дейді.
Мұрат Әбенов, Мәжілістің IV-V шақырылымының депутаты:
-Кейбір кісілер айтады, басқа тілдерде дұрыс естілмейді екен деп. Енді қазақ өзінің баласының атын атағанда, басқа тілде қалай болады деп ойламайды ғой. Менің ойымша басқаларға жалтақтаудың қажеті жоқ. «Қазақеловцы» боласыңдар ма деп пікір айтып жатыр. Менің ойымша солай артық кетудің қажеті жоқ. Қазақ елі ерекше ұғым ғой, оны күлкі қылудың қажеті жоқ.
Расымен даурығатындай ештеңе жоқ. Осы кезге дейін 55 мемлекет ресми атауын өзгерткен. Десек те, Қазақстан атының ауыстырылуына қатысты соңғы шешімді Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтуы тиіс.
-Жалпы президенттің атау өзгертуде мол тәжірбиесі бар. Кезінде Ақмоланы Астанаға ауыстырған болатын. Енді елордадағы «Қазақ елі» монументінің атымен тұтас мемлекет аталуы мүмкін. Өйткені Елбасының ұсынысы ешқашан жерде қалған емес.