Жарияланды: 700

Қазақстан эфирінде НТВ телеарнасының пайда болуы отандық БАҚ-тардың дамуын тежейді - мәжіліс депутаты Әбілқасымов

Қазақстан эфирінде НТВ телеарнасының пайда болуы отандық БАҚ-тардың дамуын тежейді. Мәжіліс депутаты, палатаның әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің мүшесі Ерасыл Әбілқасымов өзінің үкімет басшысы Даниал Ахметов пен ҚР бас прокуроры Рашид Түсіпбековтың атына жолдаған депутаттық сауалында осындай пікір білдіреді.

Е.Әбілқасымовтың пікірінше, НТВ телеарнасының материалдық, техникалық және адами ресурстары деңгейіне Қазақстандық БАҚ-тардың ешқайсысы тепе-тең түсе алмайды. Бұл санатта мемлекеттік БАҚ-тар да бар. Сондықтан да телеарнаның елімізге келуі отандық телеарналардың рейтингін анағұрлым төмендетіп, кіші-гірім каналдар тіпті "біржола жабылу қаупімен бетпе-бет келмек". Бұл дегеніңіз, отандық БАҚ-тарды қолдау жөнінде жүктеп алған міндеттемесін үкіметтің өзі бұзады деген сөз дейді депутат. "НТВ телеарнасының бағдарламаларын көшіріп тарату - қазақстандық телеэфирде халқымыздың менталитетіне өрескел қайшы келетін бағдарламалардың пайда болуына алып келеді",- деді ол. "Сол НТВ-нің өзі қаншама шулы дау-дамайға түрткі болды емес пе?! Сонда біз өз қоғамымыздағы іріткі мен дүрбелеңге өз еркімізбен, өз ақшамызға жол ашып береміз бе? ",- дейді депутат. Сондай-ақ, Е.Әбілқасымовтың пікірінше, НТВ ҚР "Мемлекеттік тіл туралы" заңын орындауға, соның ішінде эфир уақытының 50 процентін арнайы Қазақстан үшін жасалып, қазақ тілінде таратылатын хабарларға беруге дайын емес. Депутат "ҚазақМұнайГаз" ҰК" ЖАҚ басшылығының жеке медиахолдинг құруға деген талпынысын түсінбейді. "Ұлттық мұнай компаниясы мұнай өндіру, сату және тасымалдау мәселесіне ғана бас қатыруы тиіс емес пе?!",- дейді депутат. Алайда, оның пікірінше, ұлттық компанияның ұсынысын ҚР бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауы мен "бұл мәселені ҚР үкімет басшысының баспасөз қызметінің жетекшісі Жүнісбек Сұлтанмұратовтың тікелей бақылауға алуы мәселенің оң шешімін тапқанын меңзейді". "ҚазақМұнайГаз" ҰК" ЖАҚ еліміздегі ең алпауыт компанияға айналғанына қарамастан, оның басшылығы "бұл компанияның әлдебір жеке меншік дүкенше емес, мемлекеттік әрі ұлттық компания екенін, оның ақшасы да мемлекеттік екенін ұдайы есте сақтауы қажет", сол себепті жаңа медиа-холдинг құруға арналған қаржыны еліміз үшін одан да маңыздырақ мәселені шешуге жұмсауға болар еді,- делінген депутаттық сауалда. "Осыған байланысты Сізден жаңа медиа-холдинг құруға қатысты қалыптасқан ахуалды тез арада зерттеп, мынадай сауалдарға жазбаша жауап беруіңізді өтінемін : қазіргі жағдаймен жобаның жүзеге асырылуы қандай деңгейде? Егер осы бағыттағы сауда-саттық мәселесі жүзеге асырылып қойса, онда бас прокуратурадан оның заңдылығын тексеруді сұраймын. Осыған байланысты көзделген шығындардың заңдылығы туралы жауап берсеңіздер. Ұлттық мұнай компаниясының жалпыұлттық қаржыны медиа-холдинг құруға жұмсауын мақсатты деп санауға бола ма? ",- дейді Е.Әбілқасымов өз сауалында.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін