Жарияланды: 580

Қазақстан Финляндиямен арадағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтудан мүдделі - Ысқақов

Астана. 3 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Финляндиямен арадағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтудан мүдделі. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан- Финляндия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының кезекті бесінші отырысында комиссияның Қазақстан жағынан теңтөрағасы, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Финляндия жағынан ФР Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысының орынбасары Пекка Хухтаниеми тең төраға болып табылады. Комиссия шеңберінде Қазақстан мен Финляндия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың келешек даму, сондай-ақ, кіші және орта бизнес, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саладағы өзара іс-қимылдардың ұтымды жақтары жөніндегі мәселелер талқыланды. "Қазақстан Республикасы Финляндиямен технологиялар, инновациялар мен экологиялық технологиялар секілді салаларда ынтымақтастықты нығайтудан мүдделі. Белсенді саяси даилог пен сауда-экономикалық қатынастардың тереңдей түсуі біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыз бен серіктестігімізді одан әрі дамытуға мүдделілік пен үлкен әлеуетті паш етеді", - деді Нұрлан Ысқақов. Екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымының өсуінің оң динамикасы байқалады. Ағымдағы жылдың 8 айында өзара сауда-саттық көлемі 812,5 млн долларды құрап, өткен жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 94,2% өскен. "Қазақстаннан Финляндияға шығарылған экспорт көлемі 2008 жылдың 8 айында $433,8 млн құрады, бұл 2007 жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 78,7% артық", -деді комиссияның тең төрағасы. Ал ағымдағы жылдың 8 айында Финляндиядан Қазақстанға импортталған өнімдердің көлемі $378,8 млн болған, бұл былтырғы көрсеткіштен 2,1 есе артық. "Қазақстанның жалпы тауар айналымында Финляндияның үлес салмағы 1,1%, соның ішінде экспорт көлемінде - 0,9%, импорт көлемінде - 1,5%", - деді Н.Ысқақов. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін