«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының президенті ұзақ мерзімге сотталды - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
5 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Қазақстан ғарыш сапары»  ұлттық компаниясының президенті ұзақ мерзімге сотталды

«Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының президенті ұзақ мерзімге сотталды

Ғарышты игеруге бөлген миллиардтарды жердегі дүние-мүлікке жұмсаған! Бүгін Астанада  атышулы іске  нүкте қойылды. «Пара алды» «алаяқтық жолмен тапқан табысын заңдастырды» деп айыпталған «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясының басшысы Ғабдулатиф Мырзақұлов енді 12 жылын түрмеде өткізуі тиіс. Лауазымды шенеунік былтыр 117 млн теңге пара алып жатқанда ұсталған болатын.

  • 3 Сәуiр 2014
  • 216
Фото - Caravan.kz

«Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясын бірнеше жыл басқарған Ғабуллатиф Мұрзақұлов міне мына азамат. Жазасының ауыр болатынын түсінсе керек, тіпті адвокаттарымен де сөйлескісі жоқ. Қарауыл сот залына 40 минут бұрын әкелсе де жұмған ауызын ашпады. Судья да көпке созбай, үкімді айналдырған жарты сағат ішінде шығарды.

Асхат Әшірбеков, Астана қалалық сотының судьясы :

 -Мырзақұлов Ғабдулталиф 12 жылға бас бостандығынан айырылсын. Сондай-ақ дүние-мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте 7 жыл жұмыс істеу құқынан айырылсын! Жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейді.

Ғарыш саласын дамытуға жауапты болған шенеунік былтыр тамызда, өз пәтерінде, сөмке толы ақша алып жатқан жерінде ұсталған болатын. 117 млн теңгені ол жеке құрылыс фирмаларының бірінен ауызбастырық ретінде алған. Ал өтеуіне Ұлттық ғарыш орталығын салуға бөлінген 15 млрд теңгені тендерде ұтып беруге уәде етіпті. Мырзақұловтың сондай-ақ бұған дейін де тұрақты түрде пара алғаны анықталып отыр. Ол ақшаға құлқыны кең шенді Астанадан элиталы үйлер алып, зәулім коттедж салдырған. Алматы облысынан да гектарлап жер телімін алған. Алайда, экс-шенеунік бұл айыптың бірде бірін мойындаған жоқ.

-Мырзақұлов мырза!


— Өз айыбыңызды мойындайсыз ба?

-Мойындамаймын. Шағымданамын.

Сот ортада пара тасыған делдалды да жазасыз қалдырмады. Мұрзақұловтың қарамағында істеген әрі туысы Ербол Асылбеков енді 1 жыл қоныс колониясында тұрады. Судья Асылбековтің қолына кісен тура сот залында-ақ салынады деген үкімді оқығанымен, неге екені белгісіз бүгін ол төбесін көрсетпеді. Ал, сот залынан Мұрзақұловтың 3 бірдей адвокаты еңселері түсіп шықты. Түйені түгімен жұтқан шенеунікке тек аяушылық білдіргеннен басқа амалдары жоқ олардың.

Мұхаметқали Шайхин, Ғ.Мұрзақұловтың адвокаты:

— 63-ке келген кісі. Әрине, өте ауыр жаза. Оның анық-қанығына жету керек әлі де. Өте ауыр. 

-Мемлекет ақшасына миллиардтап қол салған осындай құлқыны кең шенділердің кесірінен Қазақстанның ғарыш саласы қарқынды дами алмай отыр. Көктегі аппараттарды айтпағанда, жердегі кеңселерінің өзін сала алмай, бөлінген қаржыны талан-таражға салған. Дегенмен, Мырзақұловқа қатысты үкім әлі күшіне енген жоқ. Адвокаттары апелляциялық шағым түсіргенше, 3 баланың әкесі, пайғамбар жасына келген экс-шенеунік Астанадағы түрмеде отыратын болады.