Қазақстан кәсіпкерлерінің тәуелсіз қауымдастығы оңтайландырылған режиммен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерге жүктелген, яғни міндетті түрде POS-терминал орнату нормасының күшіне енгізілуін 2015 жылға қалдыруды ұсынды, олардың айтуынша, Қазақстан банктері кәсіпкерлердің тапсырысы бойынша жабдықтарды қысқа мерзімде беруге дайын емес.
"Банктер қоятын шарттарға орай, айына ақша айналымы кем дегенде 200-600 мың теңге болуға тиіс, транзакция көлемі 50, ол шарт орындалмаған жағдайда, үш айдың ішінде жабдық тартып алынады. Шағын бизнестің көптеген кәсіпорындары мұндай шарттарды орындай алмайды", деді сейсенбіде Алматыда баспасөз мәслихатында аталмыш қауымдастықтың президенті Талғат Ақуов.
Оның ойынша, мәселені шешу үшін бірыңғай процессингтік орталық құру керек.
"Ондай бірыңғай процессингтік орталықсыз елде жаппай POS-терминал енгізу мүмкін емес. Ең бастысы, терминалды пайдалану пайызын 0,5% дейін төмендету керек, әйтпесе ол кәсіпкерлер мен мемлекеттің ақшасын орынсыз жұмсау болып табылады", деді ол.
Қазақстанда қазір шағын және орта бизнестің 1 млн 400 мың кәсіпорны тіркелген. Оның ішінде реалды жұмыс істеп отырғаны -700 мың.