Жарияланды: 530

Қазақстан мен Франция арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық нығая түсті

Бүгін, 7-шілдеде Алматыда ҚР қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев өзінің Франциялық әріптесі Мишель Аллио-Маримен кездесіп, екі елдің қазіргі әскери саладағы ынтымақтастық ахуалы мен болашағын талқылады.

Кездесу соңында журналистермен кездескен Қазақстан қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Франция президенті Жак Ширакпен таяудағы кездесуі туралы еске салды. Сондай-ақ, ол Прагада өткен БҰҰ саммиті аясындағы кездесуде Қазақстан мен Франция арасындағы әскери саладағы ықпалдастықтың басты бағыттары айқындалғанын атап көрсетті. М.Алтынбаевтың айтуынша, басымдық берілген бағыттар арасында әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелері, осы аймақ пен Еуропадағы қауіпсіздік мәселесі, сондай-ақ, Қазақстандық мамандарды дайындау, қарулы күштерді кәсіби негізде қайта құру саласындағы тәжірибе алмасу, Қазақстандық әскерилерді Францияда тіл дайындығынан өткізу мәселелері бар. Бүгінгі кездесуде бұдан басқа да бірқатар мәселелер топтамасы қаралды. Атап айтсақ, екі елдің қорғаныс мекемесінің басшылары Қазақстандық инженерлік-саперлік бөлімдерді Ирактағы тұрақтандырушы күштер құрамында қайырымдылық көмек көрсету шарасына қатыстыру, екі жақты әскери-техникалық комиссия құру мүмкіндіктері, Қазақстанға әскери техника мен қару-жарақ сату, материалдық-техникалық қамтамасыздыққа септігін тигізу арқылы Қазақстандық бейбітшілік қорғаушы батальонға қолдау көрсету мәселелерін сарапқа салды. Франция қорғаныс министрінің айтуынша, бүгін ынтымақтастықты дамыту бағытындағы сөз жүзіндегі потенциалдық жобалар емес, бұған дейін жобаланған нақты шаралар талқыланған көрінеді. М.Аллио-Маридің хабарлауынша, Франция мен Қазақстан арасындағы әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында алдағы жылы әртүрлі шаралар жоспарланып отыр. Алдағы уақытта штаб басшыларының кездесуі тұрақты өткізіліп тұратын болады. Мишель Аллио-Мари ханым осындай алғашқы кездесу 2003-жылдың қыркүйегінде Парижде өткізілетінін жеткізді. Қорғаныс министрінің айтуынша, мұндай шаралардың барлығы ынтымақтастық бағдарламасын дамытуға септігін тигізбек. М.Аллио-Мари елімізге ресми сапармен 6-шілдеде келген. Бұл Франция қорғаныс министирі болып табылатын әйелдің елімізге тұңғыш сапары. Бүгін Франция қорғаныс ведомствосының басшысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть