Жарияланды: 750

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда көлемі ағымдағы жылы 15 млрд долларға жетеді - Назарбаев (толық нұсқасы)

Астана. 31 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда -саттық көлемі ағымдағы жылы 15 млрд долларға жетеді. Бұл туралы президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің премьері Вэнь Цзябаомен жүргізілген келіссөздер барысында мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Тек биылғы жылдың бірінші жартысында тауар айналымы $6,5 млрд болып, өткен жылғымен салыстырғанда 25% өсті. Ал биыл тауар айналымы 15 миллиардқа жетеді. Бұл - үлкен қарқын, жаман емес",- деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президенттің айтуынша, "екі ел арасында саяси, экономикалық ынтымақтастық үшін ешқандай кедергі жоқ. Өзара сауда-саттық көлемі артып келеді. Қазақстан мен Қытай арасында, біздің көршіміз әрі стратегиялық серіктесіміз арасында, соңғы кездесуде Ху Цзиньтао айтқандай, етене жақын байланыс бар", - деді Н. Назарбаев. "Мен ұлығаусар шара - XXIX Олимпиада ойындарының куәгері болдым. Алауды бірінші болып біз Қазақстанда қабылдадық. Мен үлкен табыстарыңызбен құттықтаймын және "Шэньчжоу-7" пилотты ғарыш кемесін табысты ұшыруларыңызбен құттықтаймын, оның барысында Қытай ғарышкері тұрғыш рет ашық ғарышқа шықты", - деді Н. Назарбаев. Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің премьері ретінде Вэнь Цзябаоның Қазақстанға бірінші сапары "қазіргі бар аса жоғары деңгейдегі ынтымақтастыққа тың серпін береді және тараптар экономикалық ынтымақтастықтағы жаңа қадамдар жөнінде мәмілеге келеді" дегенге сенім білдірді. Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің премьері Вэнь Цзябао Қазақстан халқы мемлекеттілікті нығайту ісінде бұдан да үлкен табыстарға жететіндігіне сенімді. "Қытай тарапы Қазақстанның жетістіктеріне шынайы қуанады. Сіздің басшылығыңызбен еңбексүйгіш және талантты Қазақстан халқы мемлекеттілікті нығайту ісінде және ұлтты қайта түлетуде бұдан да үлкен табыстарға жететіндігіне біз сенімдіміз", деді кездесуде Вэнь Цзябао. Сонымен қатар Вэнь Цзябао Н. Назарбаевқа ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаоның ыстық сәлемі мен игі тілектерін жеткізді, Қытай үкіметінің және халқының атынан Пекин олимпиадасының өткізілуіне қолдау көрсеткені үшін Қазақстанға алғысын білдірді. Оның айтуынша, Ху Цзиньтао "Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы жылы Қытайға сапар жасауына және оның 2009 жылғы Боа форумының жылдық кеңесіне қатысатындығына қуаныш білдіреді". Сондай-ақ ол президентті және Қазақстан халқын өзінің сапары қарсаңында атап өтілген Республика күні мерекесімен құттықтады. Өз сөзінде Вэнь Цзябао әлемдік экономикалық жағдайға да тоқталып өтті. "Қазіргі уақытта халықаралық кеңістікте күрделі экономикалық жағдайлар белең алуда. Оның үстіне соңғы уақытта біздер және әлемдегі көптеген елдер әлемдік қаржы дағдарысына тап келуде және бұл дағдарыс дүниежүзі экономикасы үшін өте ауыр соққы болды. Осындай сәтте біздің екіжақты кездесуіміз өте маңызды мәнге ие және аса көкейкесті деп санаймын", деді ҚХР үкіметінің басшысы. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін