Жарияланды: 540

Қазақстан мен Румынияның халықаралық саясат саласындағы позициясы өзара ұқсас

"Қазақстан мен Румынияның халықаралық саясат саласындағы позициясы өзара ұқсас, әрі екі мемлекет әрдайым бір-бірін қолдайды",- деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін,- 9-қыркүйекте Румыния президенті Ион Илиескумен кездесу қорытындысы бойынша өткізілген баспасөз мәслихатында.

Өз кезегінде И.Илиеску де екі ел көзқарасындағы ортақтықты дәлелдей отырып, бұған екі елдің БҰҰ және Еуропадағы қауіпсіздік және ықпалдастық ұйымы тәрізді халықаралық ұйымдар аясындағы күш-жігер үйлесімділігі дәлел деп атап көрсетті. "Румыниямен Қазақстан арасында өзара ынтымақтастыққа кедергі болатындай ешбір қарама-қайшылық жоқ",- деп атап көрсетті Н.Назарбаев. Елбасының айтуынша, Румыния мемлекет басшысының елімізге ресми сапары екі ел арасындағы сан тарапты байланыстарды дамытуға тың серпін береді. Қазақстан мен Румыния арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992-жылы 15-маусымда орнаған. Қазіргі таңда екі мемлекет арасында үкіметаралық 15 келісімге қол қойылған, сондай-ақ, әріптестік және өзара ынтымақтастық туралы Декларацияға қол қойылды. Румыния президентінің ресми сапары одан әрі жалғасуда. Сапар бағдарламасында сондай-ақ, Румыния президенті Қарағанды қаласында болып, осында жерленген Румыниялық әскери тұтқындарға арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысады деп межеленген. Бұдан кейін И.Илиеску Алматыға ат басын тірейді. Мұнда ол Румынияның Қазақстан Республикасындағы елшілігінің жұмысымен танысып, Қазақстан-Румыния аралық бизнес-форумға қатысады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть