Бұл туралы ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкілдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Азапты ескертудің алдын алу Ұлттық механизмін Қазақстанда енгізу қарсаңында бұл кездесудің өтуіне Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы және Орталық Азиядағы Халықаралық түрме реформасы мұрындық болды.
Словениялық омбудсмен Влада Нуссдорфермен кездесу аясында қос тарап азапты ескертудің алдын алу бойынша ғана емес, сонымен бірге құқық қорғау мәселелерінің барлық спекторы бойынша тәжірибе алмасты. В. Нуссдорфер аталмыш механизмді құру тәжірибесімен бөлісу кезінде омбудсменнің көмегімен мемлекеттік орган мен азаматтық қоғам арасында конструктивті диалог орнату маңызды екенін атап өтті. Ал А. Шәкіров, өз кезегінде, ұлттық құқық қорғау мекемесінің қызметі жайында айтып, Қазақстанның жаңа құқықтық механизмді іске қосуға дайындық барысына тоқталды.
«Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру аясында азаматтардың адамдық мүмкіндіктерін ұлғайту ретінде тұлғаның құқықтарын жан-жақты қорғау ісі мемлекет назарында тұр», — деді қазақстандық омбудсмен.
Жиын соңында омбудсмендердің екі жақты серіктестігін жалғастыру туралы келісім жасалды.