Жарияланды: 390

Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шарт мақұлданды

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Екі ел арасындағы Әріптестік туралы шарт 2009 жылғы 22 қазанда Анкара қаласында жасалған. Құжат Қазақстан мен Түркия арасындағы шарттық-құқықтық базаны жетілдіреді. Бұдан бөлек, қазақстан-түрік ынтымақтастығының өзекті аспектілері бойынша жаңа деңгейге шығуды қамтамасыз етеді. Қазақстан-түрік қатынастарын жандандыру Орталық Азияның көшбасшысы ретінде халықаралық саяси және экономикалық құрылымдарға кіріктірілген Қазақстанның халықаралық имиджі мен беделінің нығаюына жәрдемдеседі. Сонымен қатар, аталған шарттың Қазақстан мүдделерін Оңтүстік Шығыс Еуропа және Таяу Шығыс бағыттарында одан әрі жылжытуда түйінді маңызы бар. «Шарттың күшіне енуі қазақстан-түркия қатынастарына жаңа сапа беріп, саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық, ақпараттық, гуманитарлық, мәдени және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жаңа әрі ұзақмерзімді келешегін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аталған құжат өзекті халықаралық мәселелер бойынша ортақ мүдделерді анықтап, тереңдетілген ынтымақтастық орнату мақсатында екіжақты саяси диалогты дамытуға қызмет етеді»,- деді заң жобасы бойынша баяндаған СІМ орынбасары Қайрат Сарыбай. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін