Жарияланды: 720

Қазақстан - Орталық Азия аймағындағы саяси және экономикалық жаңартулардың қозғалтқыш күшіне айналды -Еуропадағы қауіпсіздік және ықпалдастық жөніндегі ұйымның төрағасы

Қазақстан - Орталық Азия аймағындағы саяси және экономикалық жаңартулардың қозғалтқыш күшіне айналды. Мұндай пікірді бүгін, 7-шілдеде Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден кейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымының қазіргі төрағасы, Нидерланды Корольдығының сыртқы істер министрі Яап де Хооп Схеффер мырза ортаға салды.

Ұйым төрағасының қысқаша баспасөз мәслихатында атап көрсеткеніндей, Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде аймақтық ынтымақтастық мәселесімен бірге Қазақстан мен Нидерланды арасындағы екі жақты байланыстар тақырыбы да сарапқа салынған. Нұрсұлтан Назарбаев осы орайда Қазақстан экономикасына, соның ішінде шағын және орта бизнеске Голландиядан инвестициялар тартуға шақырды. Кездесу барысында Қазақстанның саяси және экономикалық даму мәселесіне тоқталған тараптар жаңа сайлау заңы мен бейресми ұйымдар жөніндегі, сондай-ақ, Бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі жаңа заңдарға да баса назар аударды. Сонымен бірге Қазақстан президенті мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымының қазіргі төрағасы аталмыш халықаралық ұйымның іс-қызметіне қатысты мәселелерді сарапқа салды. "Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев Ұйымның жалпы құндылықтарын Қазақстан да қолдайды деп хабарлады",- деді Я.Схеффер. Бұл күні сондай-ақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымының қазіргі төрағасы ҚР сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевпен де кездесті. Кездесуде Я.Схеффер егер Қазақстан тарапынан мүдделілік танытылса, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымы Қазақстанға қандай салада да қолдау көрсете алады деп мәлімдеді. Келіссөздер нәтижесіне тоқталған Қ.Тоқаев : "Қазір Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымында төрағалық жасап отырған Голландия сыртқы істер министрінің ресми сапары өзара пайдалы, маңызды әрі уақытын тапқан сапар болды",- деп атап көрсетті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть