Жарияланды: 410

Қазақстан премьер-министрі денсаулық сақтау жүйесінің бірқатар шенеуніктерін қызметтен босату туралы шешім қабылдады (толық нұсқасы)

Астана. 17 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов бүгін денсаулық сақтау мәселелеріне арналған селекторлық жиын барысында денсаулық сақтау жүйесінің бірқатар шенеуніктерін қызметтен босату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"2008 жылдың 7 қарашасында мемлекет басшысы Шымкентте өткен денсаулық сақтау мәселелеріне арналған кеңесте берген тапсырмаға сәйкес, сондай-ақ, Бас прокуратураның тексеруіне және бүгінгі селекторлық жиын қорытындысына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі берген мәліметтерді ескере отырып, бүгінгі жағдаймен мынадай шенеуніктер қызметінен босатылды: Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры Дайырбеков, Денсаулық сақтау министрлігінің әкімшілік-шаруашылық департаментінің директоры Әшімбаев, Астанада салынып жатқан денсаулық сақтау нысандары дирекциясының директоры Жақиянов. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің экономика және қаржы департаментінің директоры Раеваға қатаң сөгіс жарияланды", - деді Кәрім Мәсімов. "Сонымен бірге бүгін мен Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметтер көрсету салаындағы бақылау комитетінің төрағасы Мусинді қызметтен босату туралы шешім қабылдаймын, тиісті құжат бүгін енгізілсін", -деді ол. "Маңғыстау облысының әкіміне бүгін денсаулық сақтау басқармасының бастығының орынбасары Әбдірахимованы, Атырау облысының әкіміне - денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Нұржігітовты қызметтен босатуды тапсырамын. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау нысандарының құрылысын салу басқармасының бастығына, Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармаының бастығы Аманжоловаға қатаң сөгіс жариялансын", - деді үкімет басшысы. "Денсаулық сақтау министрлігіне Фармацевтикалық бақылау коминетінің Жамбыл облыстық аумақтық депаратментінің директорын, сондай-ақ, Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық департаментінің директоры Қазыбаевты қызметтен босатуды тапсырамын", -деді Кәрім Мәсімов. Премьер-министр бұған қоса Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің Қостанай облыстық аумақтық департаментінің директоры Ақбаевқа сөгіс жариялауды тапсырды. "Анатолий Григорьевич, еліміздегі денсаулық сақтау саласы үшін жауап беретін адам ретінде сіз де жазаланасыз. Сізге жүктелетін жаза мен жауапкершілікті мемлекет басшысы айқындайды, мен тіисті таныстыру енгізетін боламын", - деді Кәрім Мәсімов денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновойға қаратып айтқан сөзінде. Өз кезегінде денсаулық сақтау министрі журналистерге берген сұхбатында "премьер-министр Шымкентте 7 қарашада президент берген тапсырмаларды орындау жөнінде айқын міндеттер қойғанын" атап өтті. "Баға өте қатал, бірақ ол абсолютті объективті, істі түзетуге бағдар береді. Денсаулық сақтау министрлігі мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін тиісті шараларды қолданатын болады", -деді А. Дерновой бүгінгі оқиғаға берген түсініктемесінде. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін